
Өңірде биылғы жылы 32 білім беру нысанының құрылысы жүргізілуде, оның 23-і мектеп, соның 17-сі үш ауысымның орнына салынуда. Оған қоса 58 білім беру нысанын күрделі жөндеуге 22,5 млрд.теңге бөлінді. Бұл жайында облыстық мәслихат сессиясында облыстың дамуы туралы есеп берген облыс әкімі Амандық Баталовтың баяндамасында айтылды, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Облыс басшысының айтуынша, 1-ші қазанда алты мектеп пайдалануға берілді, жыл соңына дейін тағы екі мектеп пайдалануға беріледі, қалғандары 2021 жылы аяқталады.
Ескі автобустарды ауыстыру үшін мектептерге бір млрд. теңгеге 70 автобус сатып алынды. Мектеп жанындағы 348 дәретханаларды жөндеу жүргізуге 1,3 млрд. теңге бөлініп, бұл мәселе толық шешілді.
Сондай-ақ Талдықорған қаласында І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің және Қаратал ауданында колледждің жатақханалары іске қосылды.Талдықорған қаласындағы медициналық және политехникалық колледждердің жатақханалары жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.
Жалпы өңірде 58 білім беру нысанын күрделі жөндеуге 22,5 млрд.теңге (РБ – 14,8 млрд., ЖБ – 7,7 млрд. теңге) бөлінді.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.