
Алматы облысында жүзеге асырылып жатқан бағдарламалар аясында 56,2 мың жұмыс орны құрылған, соның 30,1 мыңы – тұрақты жұмыс орындары. Карантин кезінде жұмыстан босап қалған азаматтарға еңбекпен қамтуға «Жұмыспен қамту жол картасы» едәуір көмек жасады. Осы бағдарлама арқылы құны 105,6 млрд. теңге болатын, 20,9 мың жұмыс орнымен 1051 жоба жүзеге асырылуда (соның 1,8 мыңы - тұрақты және 8,3 мыңы – жұмыспен қамту орталықтарының бағыттауы бойынша). Бұл туралы облыстық мәслихат депутаттарының алдында 2020 жылдың 9 айындағы өңірдің дамуы туралы есеп берген облыс әкімі Амандық Баталов айтты, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Есеп беру кезінде айтылғандай, «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы тұрғындарға жұмыс тауып берумен қатар өңірде 7 мектеп пен 8 дәрігерлік амбулатория құрылысын жүргізуге, 35 мектепті күрделі жөндеуге, 64 елді мекенде ауыз су жүйесін және 220 ауылда жол жөндеуге мүмкіндік беріп, осындай ірі жобалардың іске асырылуына мұрындық болды.
Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» бағдарламасын жүзеге асыруға 16,1 млрд.теңге бөлінді. Осы бағдарлама шеңберінде тегін кәсіби техникалық білім алуға 1535 адам жіберіліп, қысқа мерзімдік курстан 1263 адам өтті, соның 710-ы тұрақты жұмысқа орналастырылды. Сонымен бірге әлеуметтік жұмыс орындарына, жастар тәжірибесіне, қоғамдық жұмысқа 22 мыңнан астам жұмыссыз және өзін өзі жұмыспен қамтыған азаматтар орналастырылды.
Сондай-ақ халықтың әлеуметтік әлжуаз топтарындағы 15,6 мың отбасы жалпы сомасы 5,5 млрд. теңге болатын атаулы әлеуметтік көмек алды. Кепілдендірілген әлеуметтік пакет 712,5 млн. теңге көлемінде 1 мен 6 жас аралығындағы 19 мың АӘК алушыға берілді. Төтенше жағдай кезінде 42 500 теңге көлеміндегі төлемді 15,7 млрд. теңге сомасында 368,2 мың адам алды. «Біргеміз», «Біргеміз Жетісу» қорларының қаржысы есебінен және демеушілердің көмегімен облыстың 396 мың тұрғынына 4,9 млрд. теңгеге әлеуметтік көмек көрсетілді.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.