
Бүгінгі күні Алматы облысында газдандыруға жататын 474 елді мекеннің 144-і немесе 30,4% газдандырылған. Бұл туралы облыстық мәслихат депутаттары алдында 9 айдың қорытындысы туралы есеп берген облыс әкімі Амандық Баталов айтты, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
А. Баталовтың айтуынша, Талдықорған қаласында көшеішілік жүйелерді төсеудің IV кезеңі аяқталуға жақын, барлығы 54,3 мың абоненттің 17,5 мыңы газға қосылды.
Балқаш, Қаратал, Көксу, Кербұлақ, Ескелді аудандарындағы елді мекендерде кентішілік жүйелердің құрылысы жүргізіле басталды.
«Жалпы Алматы облысында газдандыруға биылғы жылы 6,2 млрд. теңге бағытталды, соның 4,8 млрд.теңгесі - бюджеттен, 1,4 млрд. теңгесі - жеке қаражат. Жыл соңына қарай 1,1 млн. тұрғын немесе 52,4% жетісулық газға қосылуға мүмкіндік алады", - деді А. Баталов.
Атап өтсек, 2018 жылдан бастап Талғар қаласында көп қабатты тұрғын үйлерді орталықтандырылған газ жүйесіне қосу жұмыстары жүруде. Бүгінгі күнге 129 көп қабатты үйде 21 блокты-модульді қазандық орнатылып, сапалы жылу жүйесімен 3857 пәтер қамтылды. Қаскелең қаласында 3 БМҚ құрылысы жүріп жатыр, онда 409 пәтерлі 10 үй қамтылады. Тағы 214 үйді орталықтандырылған газ жүйесіне қосудың құжаттамасы әзірленуде, бұл Талғар, Қаскелең, Есік, Жаркент қалаларындағы көп қабатты үйлердің жылу жүйесі мәселесін толық шешуге мүмкіндік береді.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.