Қапшағайда қуаттылығы 15,6 мың тонна болатын ірі көтерме-бөлу орталығы салынады

Қапшағайда қуаттылығы  15,6 мың тонна болатын ірі көтерме-бөлу орталығы салынады

Аймақта әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру шаралары қабылдануда. Биылғы жылы 2 млрд. теңге бөлінді, оның 1,3 млрд. теңгесі сауда нысандары мен жергілікті тауар өндірушілерді жеңілдікпен несиелендіруге, 700 млн. теңгесі тұрақтандыру қорын қалыптастыруға бөлінді. Бұл туралы облыстық мәслихат депутаттарының алдында 9 айдың қорытындысы туралы есеп берген облыс әкімі Амандық Баталов айтты, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Облыс басшысының сөзіне сүйенсек, 7 мың тоннадан астам азық-түлік тауарлары сатып алынып, тауарды сауда желілеріне белгіленген бағада жеткізуді қамтамасыз ететін 6 кәсіпкерлік субъектісі 1,2 млрд. теңгеге несиелендірілді.

Аграрлық өнімдерді сатып алу мен сату және «Алқаптан сөреге дейін» кооперациялық тізбегін дамытудың пилоттық жобасын жүзеге асыру мақсатында кәсіпкерлік субъектілеріне 0,01% жеңілдікпен займ беру үшін республикалық бюджеттен 1,0 млрд. теңге бөлінді. Бөлінген қаржы 34 шикізат  жеткізуші (қант қызылшасы) мен 5 кәсіпкерлік субъектілеріне бөлініп берілді.

Сонымен қатар Қапшағай қаласында қуаты 15,6 мың тонна болатын ірі көтерме-бөлу орталығының құрылысын жүргізу мәселесі Үкімет тарапынан шешімін тапты.

«КБО-ның заманауи инфрақұрылымы өнімді көп көлемде шоғырландыруға, шығынсыз сақтауға және ішкі нарыққа ғана емес, экспортқа да шығаруды ұйымдастыруға мүмкіндік береді», - деп атап өтті А. Баталов.  

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.