Алматы облысында ауыл шаруашылығын қолдауға биылғы жылы 46,1 млрд.теңге бөлінді, оның 40,6 млрд. теңгесі субсидияларға бөлінді. Бұл туралы бүгін облыстық мәслихаттың кезекті 62-сессиясында облыстың 9 айдағы даму қорытындылары туралы есеп берген облыс әкімі Амандық Баталов айтты, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Облыс басшысының айтуынша, ауыл шаруашылығы дақылдарының егістігі жеті мың гектарға кеңейтіліп, 969 мың гектарға жеткізілген. Қант қызылшасының алқабы 16 мың гектарға, жүгері 87 мың гектарға жетіп, 1,2 мың гектарға жаңа бақ егілді.
Бүгінгі күні масақты дақылдарды жинау аяқталды, 794 мың тонна астық бастырылды (2019 ж. – 800,0 мың тонна), шамамен 1,9 млн.тонна көкөніс пен картоп, 133 мың тонна жеміс жиналды. 500 мың тонна қант қызылшасын жинап, 50 мың тонна ақ қант өндіру жоспарлануда. Инвесторлармен бірге қант зауыттарын қамыс шикізатын өңдеуге бейімдеу мақсатында жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл өз кезегінде зауыттардың жыл бойы үздіксіз жұмыс істеуіне және 2023 жылға қарай елдің ақ қантқа деген сұранысының шамамен 70% жабуға мүмкіндік береді (шығарылатыны– 350 мың тонна, қажеттілік – 480 мың тонна).
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.