Пандемияға қарамастан, Алматы облысында биылғы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша өңір экономикасының негізгі салаларында өсім қарқыны сақталды. Мәселен, өнеркәсіптегі өсім 3,1% (846,7 млрд. теңге), ауыл шаруашылығында – 2,4% (634,6 млрд. теңге), құрылыста – 11,6 % (208,2 млрд. теңге), 712,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. 437,9 млрд. теңге инвестиция тартылып, ондағы өсім 8,8% (ҚР – 95,1%) құрады. Мемлекет бюджетіне 401,7 млрд. теңге кіріс түсті, соның ішінде облыстың өзіндік кірісі 27 процентке артып, 203,6 млрд. теңгені құрады. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Амандық Баталов облыстық мәслихат депутаттары алдында өңірдің 2020 жылғы 9 айдағы дамуы туралы берген есебінде айтты, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
«Мемлекет басшысының Жолдауында айтылғандай, біз өзіміздегі бәсекелестік артықшылықтарға басымдық бере отырып, әртараптандырылған және технологиялық экономика құруымыз керек. Біз үшін өңдеу саласы өз тиімділігін көрсетуде, мұнда өткен 9 айда 4,2% өсім қамтамасыз етілді. Атап айтқанда, азық-түлік өндірісі - 7%, фармацевтикалық өнімдер өндірісі – 19%, электроқұрылғылар өндірісі – 1,6 есе өсті. Бұл ретте «Маревен Фуд», «Лукойл» сияқты ірі трансұлттық компаниялар зор үлес қосты. Биылғы жылы олардың қатысуымен қуаты жылына 60 мың тонналық «SSA Фид Миллс» құрама жем зауыты іске қосылады», - деді А.Баталов.
Сонымен қатар жалпы қуаты жылына 44 мың тонналық екі құс фабрикасы, 219 мың тонна майлы дақыл өңдейтін үш зауыт іске кірісті. Сондай-ақ жыл соңына дейін жылына 1,2 млн. тонна цемент шығаратын «Алацем» зауыты жұмыс жасайтын болады.
Жалпы биылғы жылы облыста құны 290,3 млрд. теңге болатын, 4 мың жұмыс орнын құратын 63 жоба жүзеге асырылады.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.