Облыс әкімі А. Баталов ардагер ұстазға Президенттің Алғыс хатын тапсырды

Облыс әкімі А. Баталов ардагер ұстазға Президенттің Алғыс хатын тапсырды

Бүгін облыс әкімі Амандық Баталов Қаратал ауданындағы Кемел Тоқаев атындағы мектепке барып, ардагер ұстаз, «К.Тоқаев атындағы қордың» төрайымы Валентина Спиридоноваға Президенттің алғыс хаты мен «Алтын барыс» төсбелгісін табыстады, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

- Бүгін біз жақсы жаңалықпен келдік. Білім саласына ұзақ жыл еңбек сіңірген Валентина Григорьевнаға Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының алғысын жеткізгелі отырмыз. Қайырымдылық, адамгершілік – бұл өмірдегі ең асыл құндылықтар. Сондықтан қорға жетекшілік етіп, қайырымдылық жасап, игі істерге бастамашы болып жүрген белсенділігіңіз қоғамға үлгі. Алда Тұңғыш Президент күні, Тәуелсіздік мерекесі келе жатыр, сол мерекелердің қарсаңында өзіңізге Мемлекет басшысы жолданған Алғыс хат пен «Алтын барыс» төсбелгісін қабыл алыңыз, - деп А. Баталов ұстазға марапат тапсырып, естелік сыйлық табыстады.

В.Спиридонова Президенттің атына зор ризашылығын білдіріп, еңбегін елеп, марапаттағанына алғыс айтты. «Бұл менің ғана емес, тұтас ауданымыздың, тіпті облыстың да марапаты деп білемін. Және бұл біздің мектеп ұжымын бұрынғыдан да жақсы жұмыс істеуге талпындырады», - деді.  

Атап өтсек, В. Спиридонова 15 жыл аталған мектепте директор болса, бүгінде мектептегі «К.Тоқаев атындағы қорды» басқарып келеді. Қордың жұмысына жетекшілік еткеніне он жыл болған. Бүгінге дейін қор осы мектептің түлектері үшін жоғары оқу орындарына 50 грант бөліп, аз қамтылған және көп балалы отбасы балаларының жоғары маман иесі болуына барынша атсалысып келеді. Жыл сайын әлеуметтік әлжуаз отбасы балаларын мектеп формасымен, жылы киімдермен, мектеп қажеттіліктерімен қамтамасыз етуде белсенділік танытады. Мәселен, биылғы оқу жылында қашықтан оқуға мүмкіндік жасау мақсатында 50 балаға смартфон сатып алып берген.

Марапат тапсыру рәсімінен кейін облыс әкімі мектепті кеңейту жұмыстарының жобасымен танысты. 600 орындық бұл мектепте бүгінде 1 мыңға жуық бала білім алады. Сондықтан мектептің іргесін кеңейтіп, қосымша жапсаржай салу қажеттілігі туындаған. Жоба жайлы аудан әкімі Қайрат Бұлдыбаев баяндады. Облыс әкімі жапсаржай салу барысында мектептің стадионын да, қолданыстағы ғимаратты да реконструкциялау керектігін айтты.

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.