Алматы облысында цифрлық инфрақұрылым қарқынды дамып келеді

Алматы облысында цифрлық инфрақұрылым қарқынды дамып келеді

Алматы облысында цифрлық инфрақұрылымды дамыту бағытында кешенді шаралар қарқынды жүзеге асырылып келеді. Бүгінде өңірдегі 368 ауылдық елді мекеннің 349-ы, яғни 95 пайызы, кең жолақты интернетке қосылған. «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу жоспарлануда.

Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, ауылдық аумақтарды цифрландыру және халықтың заманауи цифрлық қызметтерге тең қолжетімділігін қамтамасыз ету – өңірлік саясаттың басты басымдықтарының бірі болып табылады.

– Біздің мақсатымыз – әр тұрғынға, оның қай жерде өмір сүретініне қарамастан, цифрлық қызметтерді пайдалануға тең мүмкіндік беру. Қазіргі таңда интернет – бұл тек байланыс құралы емес, ол бизнесті дамытуға, білім алуға және өмір сапасын арттыруға мүмкіндік беретін маңызды құрал, – деді өңір басшысы.

Қазіргі уақытта облыстағы 261 елді мекен талшықты-оптикалық байланыс желісіне қосылған, ал 330 ауылда 4G стандарты бойынша мобильді интернет қолжетімді.

Жобаны іске асыру нәтижесінде өңірде «ақылды» бейнебақылау жүйелерін, онлайн-білім беру мен телемедицинаны енгізуге мүмкіндік туады. Бұл өз кезегінде халықтың қауіпсіздігі мен өмір сүру сапасын арттыруға ықпал етеді.