
Алматы облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының қызметкерлері Жамбыл, Қарасай, Еңбекшіқазақ, Талғар, Іле, Ұйғыр, Панфилов аудандарының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің, жұмыспен қамту орталықтарының мамандары және шетелдік жұмыс күшін тартушы мекемелері өкілдерінің қатысуымен дөңгелек стөл өткізді.
Кездесудің барысында шетелдік жұмыс күшін тартуға қатысты ережелер мен шарттарына енгізілген өзгерістер жөнінде түсініктеме берілді. Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасына шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсатты бергені және (немесе) ұзартқаны үшін алым мөлшерлемелерін белгілеу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 3 сәуірдегі № 157 қаулысына, 2016 жылғы 15 желтоқсандағы №802 қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасы шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квотаны белгілеу және оны Қазақстан Республикасы өңірлері арасында бөлу қағидаларына» және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму Министрінің 2016 жылғы 27 маусымдағы № 559 бұйрығымен бекітілген "Жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат беру және (немесе) ұзарту, сондай-ақ корпоративішілік ауыстыруды жүзеге асыру қағидалары мен шарттарына" енгізілген өзгертулер жайлы кеңінен айтылды.
Атап айтқанда, ережеге енгізілген өзгерістерге сәйкес, жұмыс беруші шетелдік жұмыскердің біліктілігі мен кәсіби тәжірибесіне сәйкестігі үшін толық жауапты болады және бұл туралы жазбаша растайды, сондай-ақ төртінші санат бойынша шетелдік жұмыс күшін тарту бөлігінде өзгерістер енгізілді. Төртінші санат бойынша рұқсаттар беру кезінде жұмыс беруші шетелдік қызметкерлердің бірдей лауазымдары бойынша алты айдан бір жылға дейін қазақстандық азаматтарды ауыстыруды жүзеге асырады.
Сонымен қатар, "Қазақстан Республикасына шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат бергені және (немесе) ұзартқаны үшін алым мөлшерлемелерін белгілеу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 3 сәуірдегі № 157 қаулысының 1-тармағына өзгерістер енгізілді, яғни егер маусымдық қызметкерлер үшін АЕК мөлшерінің 24 еселенген мөлшерінде (ағымдағы жылы-66672 теңге) алым мөлшерлемелері белгіленген болса, 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап мынадай мөлшерлерде белгіленеді:
күнтізбелік 90 күнге дейін – 12 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
күнтізбелік 180 күнге дейін – 24 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
күнтізбелік 270 күнге дейін – 36 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
күнтізбелік 365 күнге дейін – 48 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде
Басқа санаттар үшін алым мөлшерлемелері өзгеріссіз қалады.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 15 желтоқсандағы № 802 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасына шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квотаны белгілеу және оны Қазақстан Республикасының өңірлері арасында бөлу қағидаларына 2020 жылғы 16 қыркүйектегі өзгерістер енгізілді, алдағы уақытта жұмыс берушілер жыл сайын 1 қазанға дейін аумағында шетелдік жұмыскерлердің еңбек қызметін жүзеге асыруы көзделетін жергілікті атқарушы органдарға шетелдік жұмыс күшіне қажеттілікке өтінімдерді ұсынады, осы уақытқа дейін өтінімдер 1 тамызға дейін қабылданды.
Басқарма қызметкерлері кездесулер барысында қойылған сұрақтарға толыққанды жауап беріп, қатысушылармен сындарлы диалог жүргізілді.