
Өңірде егін ору науқаны жалғасуда: бүгінгі күнге дейін 208 мың тонна астық бастырылды, орташа өнімділік гектарына 19,5 центнерді құрап отыр. Барлығы шамамен 540 мың тонна астық жинау жоспарланған.
Алматы облысында егін жинау жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілуде. Дәнді дақылдар 159,2 мың гектарға егілген, оның 106,7 мың гектары орылып болды. Негізгі үлес арпаға тиесілі – 109,7 мың тоннадан астам, ал бидайдан 55,1 мың тонна өнім алынды. Жүгері рекордтық көрсеткіш көрсетті: 9,4% алқаптан 34,5 мың тонна жиналды, өнімділігі гектарына 75 центнерге жетті. Күріш те өсім көрсетті – қазірдің өзінде 3,3 мың тонна бастырылды.
Майлы дақылдар 23,8 мың гектарға егілген, одан 10 мың тонна өнім жиналды. Картоптың 129,4 мың тоннасы қазылды, болжам бойынша 214 мың тоннаға жетеді. Көкөніс пен бақша өнімдері 356,2 мың тоннаны құрап отыр, жалпы өнім 400 мың тоннадан асады деп күтілуде.
Күзгі дала жұмыстарына техниканың 98%-ы дайындалған, қосымша 282 жаңа техника сатып алынды. Минералды тыңайтқыштар жоспарының 91%-ы енгізілді – бұл 55,3 мың тонна. Ылғал үнемдеу технологиялары 23 мың гектарға енгізілді, жыл соңына дейін 66 мың гектарға жеткізілмек.
Мал азығын дайындау да аяқталуға жақын: қажетті 2,9 млн тонна көлемінің 94,7%-ы дайындалды. Оның ішінде 1,7 млн тонна шөп, 241 мың тонна пішендеме, 290 мың тонна сүрлем, 266 мың тонна сабан және 272 мың тонна құрамажем әзірленді.
- «Егін ору науқаны жоспарға сай өтуде. Қолайсыз ауа райына қарамастан, ауыл шаруашылығы өндірушілері аянбай еңбек етіп, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде. Біздің мақсат – өнім көлемін арттырумен қатар, жаңа технологияларды енгізу арқылы саланың тиімділігін көтеру», - облыс әкімінің орынбасары Бақытнұр Бақытұлы атап өтті.