
Алматы облысының әкімі Амандық Баталов «Рухани жаңғыру» бағдарламасының шеңберінде Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бастамасымен өткізілген «Үздік ауыл әкімі» республикалық конкурсының жеңімпазын құттықтады. Аталмыш конкурста дауыс беру барысында неғұрлым көп балл жинап, өз өңірінің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту жөніндегі жобаны сәтті қорғаған Іле ауданы Боралдай ауылының әкімі Данияр Қоңырбаев жүлдегер атанды, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Данияр Қоңырбаевты құттықтаған Амандық Баталов бұл жауапты конкурста жеңіске жету үлкен еңбектің жемісі екенін атап өтті:
- Ауыл әкімі бірінші кезекте мемлекетшіл болуы тиіс. Ең бастысы халықтың қамын ойлап, адалдықтың ақ жібін аттамай, елдің бірлігін ойлауы керек. Сондықтан алдағы уақытта да ауыл үшін маңызды мәселелердің түйінін тарқатуда тындырымды істер атқарады деп сенемін, - деді А. Баталов.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.