Текелі моноқаласының жаңа әкімі таныстырылды

Текелі моноқаласының жаңа әкімі таныстырылды

Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Текелі моноқаласының жаңа әкімін тағайындады. Ол бұрын қала әкімінің орынбасары қызметін атқарған Батыр Қайыркенұлы Молдахметов, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Қалалық мәслихаттың VI шақырылған кезектен тыс 51 сессиясына қатысқан Амандық Баталов Президент Әкімшілігімен келісім бойынша Текелі қаласының әкімі лауазымына Батыр Молдахметов ұсынылғанын айтты. Ұсыныс қалалық мәслихат депутаттарының бірауыздан қолдауына ие болды.

– Текелі моноқаласы – көне тарихы және өзіндік ерекшеліктері бар қала. Мүмкіндігінше берілген сенімді ақтау үшін мұнда толық жауапкершілікпен жұмыс істеу керек. Меритократия қағидасы бойынша Батыр Молдахметов қала әкімі болып тағайындалды. Ол осы қалада бірнеше жыл жұмыс істеген. Демек, халық оны жақсы біледі. Батыр Қайыркенұлы қалада болып жатқан барлық оқиғадан хабардар. Жинақталған тәжірибе мен білім оған ең алдымен осы әдемі қала тұрғындарының пайдасына бағытталған барлық тапсырыстарды жауапкершілікпен және тиімді орындауға көмектеседі деп ойлаймын. Қажетті қолдау біздің тараптан көрсетілетін болады, –  деді облыс әкімі.

Амандық Баталов Бақтияр Өнербаевқа атқарылған жұмысы үшін алғысын білдірді. Қаланың өнеркәсіп, ауылшаруашылығы және инвестиция тарту саласындағы экономикалық жетістіктерін атап өтті.

Өз кезегінде Бақтияр Өнербаев Текелі қаласының әкімі ретіндегі қызметі оның өміріндегі маңызды кезеңге айналғанын, соның арқасында көптеген жаңа білім мен пайдалы тәжірибе жинақтағанын айтты. Қолдау көрсеткені үшін облыс әкімдігі мен текеліліктерге ризашылығын білдірген Б. Өнербаев моноқаланың жаңа әкімінің жұмысына сәттілік тіледі.

Батыр Молдахметов Текелі қаласының одан әрі дамуына,  Елбасының, ел Президентінің және облыс басшылығының тапсырмаларын сапалы орындау үшін бар күш-жігерін жұмсайтынын айтып, сенім білдірді.

Қала белсенділері атынан қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Ертай Дүйсебаев, қалалық мәслихаттың депутаты Константин Мейстер және басқа да тұрғындар сөз сөйледі. Спикерлер жаңа тағайындауды және қаланы одан әрі дамыту жоспарларын қолдайтындықтарын білдірді.

Естеріңізге сала кетейік, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңдарына енгізілген өзгерістерге сәйкес, Бақтияр Өнербаев қарамағындағы адамның жемқорлық дерегімен істі болуына байланысты қызметінен босатылды.

ТАҒАЙЫНДАУ

Алматы облысы әкімінің өкімімен Молдахметов Батыр Қайыркенұлы Текелі қаласының әкімі болып тағайындалды.

МОЛДАХМЕТОВ Батыр Қайыркенұлы

1978 жылы туған. І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетін, Д.  Қонаев атындағы университетті, Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін инженер-оқытушы, заңгер, құрылыс бакалавры мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын Талдықорған қаласындағы Талдықорған политехникалық колледжінде өндірістік оқыту шебері ретінде бастады.

Әр жылдары Алматы облысы әкімінің орынбасары мен бірінші орынбасарының бас маман-көмекшісі, ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс бөлімінің бас маманы,  облыс әкімінің бірінші орынбасарының кеңесшісі, Панфилов ауданы әкімінің орынбасары, облыстық құрылыс басқармасы, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы бастығының орынбасары, облыс әкімі аппаратының қаржы-экономикалық бөлімі, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы басшысының орынбасары, Текелі қаласы әкімі аппаратының басшысы болып жұмыс істеді.

2018 жылдың қаңтарынан - Текелі қаласы әкімінің орынбасары.

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі