Бүгін селекторлық режимде «Nur Otan» партиясы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің отырысында Алматы облысының әкімі Амандық Баталов есеп беру баяндамасын жасады. Ол елдің сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын және партияның сыбайлас жемқорлыққа қарсы 2015-2025 жылдарға арналған бағдарламасын жүзеге асыру бойынша облыста қандай жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Аймақ басшысы Амандық Ғаббасұлының айтуынша, облыста сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған 15 стратегиялық жоба жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, «Ашық бюджеттердің интерактивті картасы» жобасы жасалды. 765 мектеп пен 63 колледжде 200-ден астам «Сапалы ұрпақ» және «Адал ұрпақ» оқушыларын қамтитын ерікті клубтар жұмыс істейді. Білім беру саласында аймақтық байланыс орталығы ашылып, облыстың үш университетінде «Jas Otan» жастар қанаты «Таза сессия» акциясын ұйымдастырды.
Облыс әкімінің айтуынша, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен және партияның облыстық филиалымен бірлесіп, облыстың еңбек ұжымдарында сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша 100-ден астам іс-шара өткізіліп, облыстық ақпараттық-білім беру штабы құрылды. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтудағы ең тиімді тәсіл – мемлекеттік қызмет түрлерін электронды форматқа ауыстыру. Мәселен, бүгінде облыста облыс әкімдігі ұсынған 82,9% мемлекеттік қызмет автоматтандырылған. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 90% дейін жеткізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, облыста жер ресурстарының кешенді электронды картасы жасалып, аймақтық географиялық ақпараттық жүйе құрылды. Ол облыстық маңызы бар 3 қалада жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы саласындағы мемлекеттік қызметтерді қамтиды. Бүгінгі таңда «Сервистік әкімдік» жобасы Талдықорған қаласында және 9 аудан орталығында жұмыс істейді. Бұл қызмет түрі жыл соңына дейін облыстың барлық ауданы мен қаласында ашылады.
Облыс әкімі Амандық Баталов атап өткендей, партияның облыстық филиалымен бірге мемлекеттік бағдарламаларға бюджеттік қаражаттың мақсатты және тиімді жұмсалуына бақылау жүргізіліп жатыр. Депутаттық фракцияның бес тұрақты комиссиясы және «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасын іске асыру бойынша бір қоғамдық бақылау комиссиясы құрылды. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында облыста 1052 жоба жүзеге асырылуға 105,6 миллиард теңге бөлінген. Оның 582-сі іске асыру сатысында тұрғанын ерекше атап өткен жөн. Қазіргі таңда 425 объектіде жұмыс аяқталды (білім беру саласында – 267, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық – 79, жол-көлік инфрақұрылымы – 79). Облыс бойынша барлығы 15 мың 884 адам (76%) жұмыспен қамтылған. Ағымдағы кезеңде 43,8 миллиард теңге жұмсалды.
Жиын соңында Амандық Баталов сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын құқық бұзушылықтардың жолын кесу мәселелері әкімдік мәжілістерінде, аппарат мәжілістерінде және ведомствоаралық комиссия отырыстарында қаралатынын атап өтті. Хаттамалық бұйрықтар мен ұсыныстардың орындалуы тікелей бақылауға алынатын болды.
– Барлық қатысушы тараптың алдын-алу және жауапкершілігін арттыру – сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің тиімді әдістерінің бірі. Сондықтан қоғамда құқықтық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру біздің сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға және заңның үстемдігін нығайтуға бағытталған жұмысымыздың ажырамас бөлігі болып табылады, – деді А. Баталов.
Көтерілген мәселелерді талқылау барысында республикалық қоғамдық кеңес мүшелерінің сұрақтарына жауап берген облыс әкімі облыста сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу және болдырмау мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстар жайлы, мұғалімдерге, медицина қызметкерлері мен ішкі істер органдарының қызметкерлеріне қолдау көрсету шаралары туралы егжей-тегжейлі айтты.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі