Репродуктивті денсаулықты қорғау – дені сау ұрпақтың пайда болуын, жыныстық жолмен берілетін аурулардан қорғауды, отбасын жоспарлауды, ана мен бала өлімінің алдын алуды қамтамасыз ететін шаралар жүйесі. Репродуктивті денсаулық көбінесе адамның өмір салтымен, сондай-ақ жыныстық өмірге жауапкершілікпен қарауымен анықталады. Репродуктивті денсаулықтың негізі балалық және жасөспірімдік шақта қаланады.
Сондықтан жыныстық тәрбие беру саласында жасөспірімдер және жастармен жұмыс жасау бүгінгі күннің маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Жыныстық тәрбиені тұлғаның қалыптасу процесінің бір бөлігі ретінде қарастыру керек, ол денсаулық проблемаларын ғана емес, сонымен бірге моральдық, құқықтық, мәдени және этикалық аспектілерді де қамтиды.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының анықтамасы бойынша «отбасын жоспарлау – бұл сау және қалаулы балалардың туылуы үшін репродуктивті функцияны бақылау». Отбасын жоспарлау – бұл қалаумен балалы болу, жүктілік арасындағы аралықтарды реттеу, босану уақытын бақылау, қажетсіз жүктіліктің алдын алу мақсатында жүзеге асырылатын медициналық, әлеуметтік және құқықтық шаралар кешені.
Ұрпақты болу денсаулығын қорғау мен отбасын жоспарлау, ерте жүктіліктің алдын алу мәселелері бойынша халықтың хабардарлығын арттыру мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, 1000-нан астам адам қамтылды. 42 мыңнан астам парақшалар мен буклеттер дайындалды. Қоғамдық орындардағы LED экрандарда бейне ролик көрсетілді.