Бүгін Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев АҚШ-тың Алматыдағы Бас консулы Кэролайн Сэвиджбен онлайн форматта кездесу өткізді. Кездесу барысында өңірдегі тұрақтылық, екі жақты әріптестікті нығайту, өңірге инвестиция тарту мәселелері талқыланды, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Облыс басшысы қаңтар оқиғаларынан кейін аймақтағы жағдайды оңалтуда атқарылып жатқан жұмыстарды айтып өтті. Тұрғындардың Мемлекет басшысының бейбіт өмірді орнықтыру, экономикалық реформаларды жүзеге асыру бастамаларына қолдау білдіріп отырғанын атап өтті.
Бас консул Кэролайн Сэвидж қаңтар оқиғасында қаза тапқандардың жақындарына көңіл білдірді. Кездесуге уақыт бөлгені үшін Қанат Бозымбаевқа ризашылығын жеткізді. Алматы облысында қандай салада іскерлік байланысты дамытып, қолдау білдіре алатындарын сұрады.
Өңірдің инвестициялық әлеуетін қысқаша баяндап өткен облыс әкімі «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағының потенциалына, Қытаймен шекарадағы экспорттық және импорттық операциялар ашықтығының маңыздылығына тоқталды.
- Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың барлық әлеуметтік-экономикалық реформалары транспаренттік, ашықтық, әділдік негізінде іске асырылады. Шағын және орта бизнесті жан-жақты дамыту, сол арқылы жұмыссыздықты азайтып, халықтың табысын арттыру да - Мемлекет басшысының басты тапсырмаларының бірі. Бұл істе сіздердің қолдауларыңыз дер кезіндегі көрсетілген маңызды шара деп есептеймін. Туризм саласына, соның ішінде тау кластеріне, Алакөл, Балқаш көлдеріндегі жағалау туризміне, ұлттық парктер базасындағы экологиялық туризмге қаржы салудың болашағы зор. Бұл ретте тау кластерін дамыту жөнінде арнайы бағдарламамыз бар. Біз америкалық инвесторларды осы сегментте көргіміз келеді. Кәсіпкерлерге жасалған қолайлы жағдайларды өз көзіңізбен көріп, танысу үшін сізді «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағына шақырамын,- деді Қанат Бозымбаев.
Бас консул өзара әріптестікті алдағы уақытта одан әрі нығайтуға ниетті екенін білдірді.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.