Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру кезінде қабылданған міндеттемелерді іске асыру шеңберінде, 2020 жылғы 16 желтоқсаннан бастап Қазақстан Республикасының аумағында шетелдік банктердің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының және сақтандыру брокерлерінің филиалдарын ашуға рұқсат берілді.
Тиісті құқықтық негіз «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне екінші деңгейдегі банктердің жұмыс істемейтін кредиттері мен активтері, қаржылық қызметтер көрсету және қаржы ұйымдары мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2015 жылғы 24 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңында салынды, оның нормалары 2020 жылғы 16 желтоқсаннан бастап күшіне енді.
Бұл ретте Қазақстан Республикасының Парламенті 2020 жылғы 23 желтоқсанда мақұлдаған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасымен шетелдік банктердің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары және сақтандыру брокерлері филиалдарының қызметін реттеу жөніндегі талаптар қосымша күшейтілді.
Қазақстан Республикасының аумағында қызметін бастау үшін шетелдік қаржы ұйымы ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінде филиал ашуға рұқсат алуға тиіс, одан кейін филиал Агенттіктің тиісті лицензиясын алуға тиіс.
Шетелдік қаржы ұйымына филиал ашу және қызметін бастау үшін мынадай талаптар қойылатын болады:
Шетелдік ұйымдар филиалдарының басшы қызметкерлері ретінде тағайындалатын кандидаттар үшін – жоғары білімнің, іскерлік беделінің мінсіз (өтелмеген немесе алынбаған соттылығының болмауы), халықаралық қаржы ұйымдарындағы еңбек өтілінің болуы міндетті. Бұл ретте шетелдік қаржы ұйымының филиалы басшы қызметкерлерінің құрамында Қазақстан Республикасының кемінде 2 азаматы болуға тиіс.
Шетелдік банктердің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының және сақтандыру брокерлерінің филиалдары үшін де қазақстандық қаржы ұйымдарына қатысты қолданылатын реттеу талаптары қолданылады.
Осыған байланысты шетелдік қаржы ұйымдарының филиалдары пруденциялық нормативтердің және банктер мен сақтандыру ұйымдарына қойылатын сақталуы міндетті өзге де талаптардың толық тізбесін сақтауға міндетті.
Сонымен қатар шетелдік банктердің филиалдары үшін жеке тұлғалардың 120 мың АҚШ долларынан кем болатын (теңгемен немесе өзге валютамен баламасын) депозиттерді қабылдауға тыйым қолданылады.
Қаржылық орнықтылықты қамтамасыз ету мақсатында шетелдік қаржы ұйымы өз филиалына Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде орналастырылуға тиіс және филиал қызметінің кезеңінде алынбауға тиіс резерв ретінде қабылданатын активтерді (меншік капиталына ұқсас) беруге тиіс:
«жалпы сақтандыру» – 1,5 млн АЕК;
«өмірді сақтандыру» – 1,5 млн АЕК;
«жалпы сақтандыру» және қайта сақтандыру – 2,1 млн АЕК;
«өмірді сақтандыру» және қайта сақтандыру – 2,1 млн АЕК;
қайта сақтандыруды қызметтің ерекше түрі ретінде жүзеге асырған кезде – 10,5 млн АЕК.
Қазақстанның екінші деңгейдегі банктерімен және сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарымен қатар шетелдік қаржы ұйымдарының филиалдары депозиттерге және сақтандыру төлемдеріне міндетті кепілдік беру жүйелерінің қатысушылары болуға тиіс.
Шетелдік банктердің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының және сақтандыру брокерлерінің филиалдарын ашуға қатысты белгіленген талаптар ішкі қаржы нарығында бәсекелестіктің тең жағдайларын, жаңа қаржы технологиялары мен қызметтерінің трансфертіне дайын ірі көлемде капиталдандырылған ұйымдардың келуін қамтамасыз етеді, сондай-ақ тұтынушылардың құқықтарын қорғауды сақтайды және қаржы жүйесінің тұрақтылығына қолдау көрсетеді.
Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына телефон бойынша алуына болады:
+7(727)2371090
email: press@finreg.kz