Алматы облысында сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған жұмыстар тұрақты негізде жүргізілуде.
Есепті кезеңде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның 3 отырысы өткізіліп, онда 10 мәселе қаралып, 61 ұсыным әзірленді. Оның ішінде 15 ұсыным орындалу үстінде.
«Битрикс» жүйесінде №4 Үлгілік базалық бағыт «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл» бойынша 3 жоба құрылып, ағымдағы жылдың І тоқсанында атқарылған жұмыстар туралы ақпарат енгізілді.
Облыстық басқармалар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарының қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізудің 2026 жылға арналған кестесі әзірленді.
Бекітілген кестеге сәйкес 19 сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізілді. Талдау қорытындысы бойынша 20 сыбайлас жемқорлық тәуекелі анықталып, оларды жою бойынша 20 ұсыным берілді. Бүгінгі күні 5 ұсыным орындалды, қалған 15 ұсынымды іске асыруға бағытталған іс-шаралар жүргізілуде.
2026 жылдың басынан бастап 2024–2026 жылдарға арналған құқықтық түсіндіру жұмыстары жоспарын іске асыру шеңберінде халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға, азаматтарға консультациялық, әлеуметтік және медиативтік көмек көрсетуге бағытталған кешенді жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде.
Есепті кезеңде әртүрлі форматтағы 530-дан астам ақпараттық-түсіндіру және профилактикалық іс-шара өткізілді.
Атап айтқанда, 300-ден астам дөңгелек үстел, 146 семинар мен кездесу, 29 жеке және қоғамдық қабылдау, 25-тен астам консультациялық іс-шаралар мен ашық есік күндері, сондай-ақ құқықтық мәдениетті арттыруға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған 39 профилактикалық және ақпараттық акция ұйымдастырылды.
Сонымен қатар, шамамен 37 семинар, форум, 40-тан астам көшпелі консультациялар мен оқу орындары және еңбек ұжымдарында түсіндіру кездесулері, сондай-ақ прокуратура, полиция, адвокатура, нотариат, үкіметтік емес ұйымдар және қоғам өкілдерінің қатысуымен 28-ге жуық іс-шара өткізілді.
Іс-шаралар аясында «Жемқорлыққа жол жоқ», «Адал қоғам – әділетті мемлекет», «Парасатты азамат», «Заң және тәртіп», «Адал ұрпақ – жарқын болашақ», «Саналы ұрпақ жемқорлыққа қарсы», «Stop Corruption», «Адал азамат – ұлт келбеті» тақырыптарында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Білім беру ұйымдарында жастар арасында адалдық мәдениетін қалыптастыруға ерекше назар аударылуда. Мектептер мен колледждерде «Сыбайлас жемқорлық – қоғам дерті», «Адалдық – адамгершілік белгісі», «Жемқорлықсыз болашақ», «Заңды сақтау – әр азаматтың міндеті» тақырыптарында ашық сабақтар, тәрбие сағаттары және кездесулер ұйымдастырылды.
Сонымен қатар, білім алушылар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет пен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру мақсатында облыстың 443 жалпы білім беретін мектебінде 9 мыңнан астам оқушыны біріктіретін ерікті «Адал Ұрпақ» клубтары жұмыс істейді. Олардың қызметі аясында адалдық, әділдік және парасаттылық қағидаттарын насихаттауға бағытталған ағартушылық, ақпараттық-түсіндіру және мәдени-бұқаралық іс-шаралар жүйелі түрде өткізілуде.
Облыстың аудандары мен қалаларында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға, халық пен жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған профилактикалық және ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары өткізілуде.
Іле және Талғар аудандарында, сондай-ақ Алатау қаласында жастармен кездесулер, семинарлар және заңнаманы сақтау, қызметтік әдеп пен сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының алдын алу мәселелері бойынша түсіндіру іс-шаралары ұйымдастырылды.
Кеген ауданында әлеуметтік жобалар шеңберінде сыбайлас жемқорлықтан ада қоғам қалыптастыру тақырыбында пікірталас және ағартушылық іс-шаралар іске асырылуда.
Азаматтар көп жиналатын орындарда қалалық және аудандық полиция басқармалары мен бөлімдерінің қызметкерлері халық арасында ақпараттық буклеттер мен жадынамалар тарата отырып, профилактикалық акциялар өткізуде. Қонаев қаласының тұрғын үй кешендерінде «Заң және тәртіп» идеологиясы аясында тақырыптық мазмұндағы 700-ге жуық ақпараттық плакат (А3 форматында) орналастырылды. Бұл жұмыс жалғасуда.
Аудандық және қалалық әкімдіктердің, мемлекеттік мекемелердің ресми интернет-ресурстары мен әлеуметтік желілердегі парақшаларында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері бойынша ақпараттық материалдар тұрақты түрде жарияланып келеді. Сонымен қатар, өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға және сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты насихаттауға бағытталған мақалалар мен бейнематериалдар тұрақты түрде орналастырылуда.
«Алатау арайы» облыстық газетінде «Заң және тәртіп» айдары аясында 118 материал жарияланып, ресми интернет-ресурста 156 материал орналастырылды. Сондай-ақ «Огни Алатау» облыстық газетінде 133 материал жарияланып, ресми сайтта 182 материал орналастырылды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары шеңберінде облыс аумағында сыртқы көрнекі ақпараттың 48 нысаны пайдаланылуда. Оның ішінде Қарасай ауданында 15 билборд, Талғар ауданында 5 баннер және Балқаш, Жамбыл, Қарасай, Іле және Еңбекшіқазақ аудандарында 28 LED-экран орналастырылған.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметті ақпараттық сүйемелдеу және авторлық материалдарды орналастыру жұмыстары тұрақты негізде жүргізілуде. Бүгінгі күні аудандық және қалалық басылымдарда Жамбыл, Қарасай, Талғар, Райымбек, Ұйғыр аудандары әкімдерінің және Қонаев қаласы әкімінің мақалалары жарияланды.
Халықтың әлеуметтік осал топтарына және қиын өмірлік жағдайға тап болған азаматтарға ерекше көңіл бөлінуде.
Тегін құқықтық, психологиялық, әлеуметтік және медиативтік көмек көрсетіліп, дауларды сотқа дейін реттеу, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, алаяқтықтың және өзге де құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша жұмыстар жүргізілді.
Мобильді топтардың қызметі ұйымдастырылып, профилактикалық есепте тұрған отбасылардың тұрғылықты жерлеріне шығулар жүзеге асырылды, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау және жастардың құқықтық мәдениетін арттыру жөніндегі іс-шаралар өткізілді.
2024 жылғы 1 қарашадан бастап Алматы облысының мектепке дейінгі ұйымдарында тәрбиеленушілердің қатысуын QR-код және/немесе Face ID арқылы мобильді қосымша көмегімен тіркеуге негізделген электрондық табельдеу жүйесі қолданылуда.
Мектепке дейінгі ұйымдарда QR-кодтар мен Face ID технологияларын пайдалану тізімде болғанымен, іс жүзінде балабақшаға бармайтын «өлі жандарды» анықтау арқылы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге бағытталған.
Бүгінгі күні облыста жан басына шаққандағы қаржыландыру алатын 1067 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді, оның ішінде 101-і мемлекеттік, 966-сы жекеменшік.
Квазимемлекеттік сектор субъектілеріндегі комплаенс-қызметтердің тиімділігін арттыруға ерекше назар аударылуда.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың сақталуын мониторингтеу, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау және азайту, мүдделер қақтығысын реттеу, сондай-ақ ішкі бақылауды қамтамасыз ету және адалдық қағидаттарын сақтау бойынша жұмыстар күшейтілді.
Комплаенс-офицерлер жыл басынан бері ұйым қызметкерлері арасында сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының алдын алуға және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған 200-ден астам профилактикалық және түсіндіру іс-шарасын ұйымдастырды.
Халықты сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша уақтылы хабардар ету мақсатында барлық мемлекеттік органдардың ғимараттарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағыттағы арнайы ақпараттық стикерлер орналастырылған.
Жүргізіліп жатқан жұмыстар халықтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы хабардарлығын арттырып қана қоймай, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы орнықты мәдениет пен жемқорлық көріністеріне төзбеушілік қағидаттарын қалыптастыруға ықпал етеді.
Алдағы уақытта жұмыстар Алматы облысы бойынша 2026 жылға арналған әртүрлі нысаналы топтар деңгейінде декомпозицияланған ақпараттық жұмыс жоспарына сәйкес жүзеге асырылатын болады.
Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.
Алматы облысы әкімі
аппаратының құқық қорғау
органдарымен жұмыс бөлімі