2026 жылғы 2 қыркүйекте Қонаев қаласында Алматы облысы әкімдігінің жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті.
Отырысқа комиссия мүшелері офлайн форматта, сондай-ақ аудан және қала әкімдерінің орынбасарлары онлайн форматта қатысты.
Күн тәртібінде үш маңызды мәселе қаралды. Атап айтқанда, кәмелетке толмағандар арасында және оларға қатысты зорлық-зомбылық пен қатыгездік жағдайларының алдын алу, суицидтік және девиантты мінез-құлықтың алдын алу, киберқауіпсіздік пен киберқылмыстан қорғау шаралары, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға психологиялық қолдау көрсету, сондай-ақ кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері талқыланды.
Бірінші мәселе бойынша Алматы облысы Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Берік Сейдаханұлы Дакеев баяндама жасады. Сонымен қатар Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Азамат Серікұлы Жандосов атқарылып жатқан жұмыстар туралы хабарлама жасады.
Бірінші және екінші мәселелер бойынша Алматы облысының білім басқармасының басшысы Қайрат Ізбасарұлы Жұманов баяндама жасады.
Екінші мәселе бойынша Іле ауданы әкімінің орынбасары Асқар Жұмаханұлы Садықов сөз сөйледі.
Күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша Алатау қаласы әкімінің орынбасары Гүлбану Сейіткенқызы Несіпбаева баяндама жасады. Сондай-ақ кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар туралы Алматы облысы Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Берік Сейдаханұлы Дакеев қосымша ақпарат берді.
Отырыс барысында баяндамашылар кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың, зорлық-зомбылықтың, буллинг пен кибербуллингтің, суицидтік және девиантты мінез-құлықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен өзекті мәселелерге тоқталды.
Талқылау қорытындысы бойынша уәкілетті мемлекеттік органдар мен аудан, қала әкімдіктеріне балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың, зорлық-зомбылықтың, буллинг пен кибербуллингтің алдын алу бойынша ведомствоаралық жұмысты күшейту тапсырылды.
Сонымен қатар, білім беру ұйымдарында қауіп тобындағы балаларды ерте анықтау, олардың психологиялық-эмоционалдық жағдайына тұрақты мониторинг жүргізу, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға психологиялық-педагогикалық сүйемелдеуді күшейту жөнінде нақты міндеттер қойылды.
Комиссия отырысының қорытындысы бойынша тиісті хаттама әзірленіп, қабылданған шешімдердің орындалуы бақылауға алынды.