ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінде ипотекалық тұрғын үй қарыздарын (ипотекалық қарыздар) қайта қаржыландыру бағдарламасы бойынша қарыз алушылардың өзекті сұрақтарына жауап берілді.
Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылғы 21 қыркүйекте Қазақстан Ұлттық Банкінің Басқармасы мен ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын (ипотекалық қарыздарды) қайта қаржыландыру бағдарламасына оның талаптарын жақсартатын және өмірлік қиын жағдайларға тап болған азаматтар үшін жаңа мүмкіндіктер ашатын өзгерістер мен толықтыруларды бекітті.
Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын (ипотекалық қарыздарды) қайта қаржыландыру бағдарламасы (бұдан әрі – Бағдарлама) іске асырылған сәттен бастап қайта қаржыландыруға 37 501 қарыз мақұлданды, 233,5 млрд теңге сомасына 35 144 қарыз қайта қаржыландырылды. Бағдарламаны іске асыру мерзімінің соңына дейін Бағдарламамен қосымша 18 мыңға жуық қарызды қамту жоспарлануда. Бағдарламаны іске асыру кезінде 2004-2009 жылдар кезеңінде берілген ипотекалық қарыздардың 82%-ы, сондай-ақ 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін берілген валюталық ипотекалық қарыздардың іс жүзінде 100%-ы проблемалық болып табылатындығын және азаматтар баспанасынан айрылу қаупіне ұшырағанын атап өту қажет. Қабылданған шаралардың арқасында банктердің ипотекалық портфеліндегі проблемалық қарыздардың үлесі 30%-дан 7%-ға дейін төмендеді.
2020 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша Бағдарлама шеңберінде 2004-2009 жылдар кезеңінде алынған 163,4 млрд теңге сомаға 27 258 қарыз және 60,1 млрд теңге сомаға шетел валютасында алынған 7 886 қарыз қайта қаржыландырылды.
Шетел валютасындағы қарыздар Қазақстан Ұлттық Банкінің 2015 жылғы 18 тамыздағы бағамы бойынша теңгемен қайта қаржыландырылды. 2004-2009 жылдар кезеңінде берілген қарыздар бойынша, сондай-ақ халықтың әлеуметтік осал топтарының валюталық ипотекалық қарыздары бойынша сыйақы мөлшерлемесі 3%-ға дейін төмендетілді. Қарыз алушылардың 190 млрд теңгеден астам сомаға сыйақы, тұрақсыздық айыбы (өсімпұл), айыппұлдар мен комиссиялар бойынша берешегі кешірілді. Бұл шаралар қарыз алушылардың борыштық жүктемесін екі еседен астам мөлшерге төмендетуге мүмкіндік берді.
Бағдарлама талаптары бойынша 2004 - 2009 жылдардағы кезеңде берілген қарыздарды, сондай-ақ 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін шетел валютасында берілген қарыздарды қайта қаржыландыру көзделген. Қарыздың Бағдарлама талаптарына сәйкестігін айқындау үшін қарыз алушы өзінің кредит берген банкіне өтініш жасауы қажет.
Шетел валютасында берілген қарыздарды қайта қаржыландыру мақсатында банктерге валюталық ипотекалық қарыздарды Қазақстан Ұлттық Банкінің 2015 жылғы 18 тамыздағы бағамымен теңгемен біржақты конвертациялау құқығы заңнамалық деңгейде берілген. Негізгі борыш бойынша 72,5 млрд теңге берешегі бар 2 789 валюталық ипотекалық қарыз қосымша конвертацияланады. Валюталық ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру мерзімі 2020 жылғы 31 желтоқсанда аяқталады.
COVID–19 пандемиясына байланысты республикада енгізілген төтенше жағдай режимі мен шектеу шаралары қарыздарды Бағдарлама бойынша қайта қаржыландыруға қарыз алушылардың өтініш беру және оларды банктердің қарау қарқынына әсер етті. ТЖ және карантин кезеңінде 80%-дан аса қызметкер қашықтан жұмыс істеді, ал қарыз алушылардың әрі-бері жүруінің шектелуіне, ұйымдардың жұмыс істеу кестесі мен режимінің өзгеруіне байланысты қарыз алушылардың банкке өтініш және Бағдарлама шеңберінде көмек алуға қажетті құжаттарды беру мүмкіндігі болмады.
Қазіргі уақытта Агенттік банктермен бірлесіп Бағдарлама шеңберінде қарыз алушыларды барынша көбірек қамту жұмысын белсенді жүргізуде.
Бөлінген қаражаттың игерілуіне байланысты 2004 – 2009 жылдардағы қарыздарды қайта қаржыландыруды банктер оған дейін қайта қаржыландырылған қарыздарды өтеуден түсетін қаражат есебінен (револьверлік тетік) 2035 жылға дейін жүзеге асырады. 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін берілген валюталық ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру/конвертациялау 2020 жылғы 31 желтоқсанға дейін жүзеге асырылады. ХӘОТ санатындағы қарыз алушыларға қосымша көмек көрсету және баспананы баланстан қайтару мерзімі 2021 жылғы 1 шілдеде аяқталады. Қарыз алушылардың кредит берген банкіне қарыздарын қайта қаржыландыру үшін өтініш берулерін сұраймыз.
Банктердің тізімін «Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын (ипотекалық қарыздарды) қайта қаржыландыру бағдарламасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2015 жылғы 24 сәуірдегі № 69 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2020 жылғы 21 қыркүйектегі №114 қаулысының мәтінінен https://finreg.kz/?docid=1310&switch=kazakh сілтемесі бойынша табуға болады.
Банктердің Қайта қаржыландыру бағдарламасының талаптарын түсіндіретін қызметкерлерінің байланыс деректерімен, сондай-ақ қажетті құжаттардың тізбесімен
https://finreg.kz/?docid=1310&switch=kazakh сілтемесі арқылы танысуға болады.
Бағдарламаның 2-1-бөлімі аясында қосымша көмек алуға ХӘОТ санатына жататын және қарыздары Бағдарлама аясында бұрын қайта қаржыландырылған ипотекалық қарыз алушылар үміттене алады. Банктерге қарыз алушының қаржылық және әлеуметтік жай-күйін талдау негізінде қарыз алушының табысын ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен болмайтындай сақтай отырып, негізгі борышты азайту, жеңілдік кестесін белгілеу түрінде борыш жүктемесін жеңілдетудің қосымша тетіктерін қолдану құқығы берілді.
Қарыз алушының банктің балансында тұрған жалғыз тұрғын үйін меншігіне қайтару мақсатында қаржы институттарына қарыз алушыны жылдық 3%-дық сыйақы мөлшерлемесі бойынша қаржыландыруды жүзеге асыру не оған тұрғын үйді кейіннен сатып алу мүмкіндігімен жалға беру құқығы беріледі.
Қазақстан Ұлттық Банкі ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп азаматтардың өтініштері мен қоғамдық бірлестіктердің ұсыныстарына талдау жүргізді, олардың негізінде Ұлттық Банк Басқармасының 2020 жылғы 21 қыркүйектегі №114 қаулысымен Бағдарламаға мыналарды көздейтін түзетулер енгізілді:
- әлеуметтік маңызы бар аурулардың жекелеген түрлерімен ауыратын азаматтардың қарыздарды қайта қаржыландыру;
- қарыз алушының жұбайы (зайыбы) немесе жақын туысы болып табылатын қосалқы қарыз алушы, кепіл беруші, кепілгер ХӘОТ мәртебесіне ие ХӘОТ үшін көзделген Бағдарламаның шарттарын қолдану;
- қарызды қайта қаржыландырғаннан кейін ХӘОТ мәртебесін алған қарыз алушылардың борыш жүктемесін қосымша төмендету;
- ХӘОТ-қа жататын қарыз алушыларды мемлекеттік баж бойынша берешекті төлеуден босата отырып, нотариустың атқарушылық жазбаны жасауы арқылы олар бойынша берешек банктің пайдасына өндіріп алынған қарыздарды Бағдарлама бойынша қайта қаржыландыру мүмкіндігін беру;
- қарыз алушыларға «Астана Банкі» АҚ мен «БТА Банкі» АҚ балансына өткен жалғыз тұрғын үйді, сондай-ақ банктер күмәнді активтерді басқару жөніндегі ұйымдарға берген тұрғын үйді меншігіне қайтару.
Осы түзетулер шеңберінде Банктердің қарыздарды қайта қаржыландырудан бас тартуларына қарыз алушылардың шағымдарын қарау жөніндегі комиссияның рөлін күшейтуге, сондай-ақ банктердің біржақты тәртіппен жақсартатын талаптар шеңберінде валюталық ипотекалық қарыздарды теңгеге айырбастауына бағытталған қосымша шаралар қарастырылған. Алдын ала бағалау бойынша түзетулер Бағдарламамен шамамен 5 мың қарыз алушыны қосымша қамтуға мүмкіндік береді.
ХӘОТ үшін көзделген Бағдарламаның талаптары мынадай аурулардың түрлері бар адамдарға да қолданылады:
- 3 топтағы мүгедектігі бар кезде АИТВ-инфекциясы;
- туберкулезді менингит, сүйектер мен буындардың туберкулезі (омыртқа мен жамбас), жалпыланған туберкулез, кең таралған дәріге төзімді туберкулез, бактерия бөлінуі бар, сонымен қатар 1Г тобында бақылауда тұрған және симптоматикалық ем қабылдайтын өкпе туберкулезі;
- мүгедектік тобының болуына қарамастан қатерлі ісіктер;
- 3-топтағы мүгедектігі бар дәнекер тіннің жүйелік зақымдануы;
- 3-топтағы мүгедектігі бар орталық жүйке жүйесінің демиелинациялық аурулары.
Бағдарламаның талаптары бойынша 2004-2009 жылдар аралығындағы кезеңде ұлттық валютамен берілген қарыздарды, сондай-ақ 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін шетел валютасында берілген қарыздарды қайта қаржыландыру көзделген. Бұл санаттағы қарыздар әлемдік дағдарыстың әсерінен және ұлттық валютаға жасалған түзетулерден ең көп зардап шекті. Осылайша, 2016 жылы және одан кейін қарыз алушылар алған қарыздар Ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасының талаптары бойынша қайта қаржыландыруға жатпайды.
Бағдарламаның шарттары бойынша 2004-2009 жылдар кезеңінде берілген қарыздарды, сондай-ақ 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін шетел валютасында берілген қарыздарды қайта қаржыландыру көзделген. Қарыздардың бұл санаты әлемдік дағдарыстың салдары мен ұлттық валютаны түзетуден қатты зардап шекті. Қарыз алушылар 2009 жылдан кейін алған ипотекалық қарыздарды Бағдарламаға енгізу мәселесі қосымша пысықтауды талап етеді.
Егер Сіздің Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес банк алдындағы өз міндеттемелеріңізді орындауда қиындықтарыңыз болса, Сіз банктің ішкі бағдарламалары бойынша қарызды қайта құрылымдау мәселесін қарау үшін кредитор банкке жүгінуге құқылысыз. Банк қарызды қайта құрылымдаудан бас тартқан жағдайда, Сіз А15С9Т5, Алматы қаласы, Көктем-3 шағын ауданы, 21-үй, тел +7 (727) 2619 200 мекенжайы бойынша Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне; tal@finreg.kz, info@finreg.kz электрондық поштасы арқылы, аумақтық тиесілілігі бойынша Агенттіктің өңірлік өкілдер басқармасына (https://finreg.kz/?docid=179&switch=kazakh) жазбаша нысанда өтініш жасауға құқылысыз.
Қазақстан Ұлттық Банкінің Басқармасы қабылдаған 2020 жылғы 21 қыркүйектегі Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын (ипотекалық қарыздарды) қайта қаржыландыру бағдарламасына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес Бағдарламаның жақсартушы шарттары қарыз алушының жұбайы (зайыбы) немесе жақын туысы болып табылатын бірлесіп қарыз алушы, кепіл беруші, кепілгер ХӘОТ мәртебесіне ие қарыздарға да қолданылады. Осыған байланысты Сіздің өз банкіңізге тиісті өтінішпен жүгінуіңге кеңес береміз.
Түзетулерге сәйкес жалғыз баспанасы банктердің/Бағдарламаға қатысушы болып табылатын күмәнді активтерді басқару ұйымдарының және ипотекалық ұйымдардың балансында есепте тұрған және үшінші тұлғаларға сатылмаған азаматтар үшін баспананы меншігіне қайтаруға рұқсат етіледі. Егер қарыз алушыда/кепіл берушіде және оның жұбайында (зайыбында) 2020 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының аумағында меншік құқығында баспана болмаған жағдайда, тұрғынжай меншігіне беріледі. Тұрғынжайды беру бұрынғы меншік иесінің қаржыландыруы не тұрғынжайды кейін сатып ала отырып, банк жалға беру арқылы жүзеге асырылатын болады. Сатып алуға жататын бір баспананың құны 50 (елу миллион) теңгеден аспауы тиіс. Жалдау және қарыз шартының мерзімі 30 жылдан аспауы тиіс. Баспананы меншігіне беру мүмкіндігін анықтау үшін Сізге тиісті өтінішпен өз банкіңізге жүгінуді ұсынамыз.
ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2020 жылғы 21 қыркүйектегі № 114 қаулысымен Бағдарламаға енгізілген түзетулерге сәйкес қосымша көмек көрсету шеңберінде қарыз алушының төлем жасау қабілетін анықтау кезінде қарыз алушының Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жәрдемақы және әлеуметтік төлемдер түріндегі кірістері, сондай-ақ алимент ескерілмейді.
ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2020 жылғы 21 қыркүйектегі № 114 қаулысымен Бағдарламаға енгізілген түзетулерге сәйкес қосымша көмек көрсету шеңберінде қарыз алушының төлем жасау қабілетін анықтау кезінде банктер үшінші тұлғалардың кірістерін ескермейді.
Бағдарлама талаптарына сәйкес Бағдарламаның өлшемшарттарына сәйкес келетін кез келген қарыз алушы дербес өзінің қаржылық ұйымына қарызды қайта қаржыландыруға және талаптарды жақсартуға өтініш бере алады.
Банктер тізбесін Ұлттық Банк Басқармасының «Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын/ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2015 жылғы 24 сәуірдегі № 69 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2020 жылғы 21 қыркүйектегі № 114 қаулысының мәтінінен https://finreg.kz/?docid=1310&switch=kazakh сілтемесі бойынша көруге болады.
Қарыз алушылардың Бағдарлама шеңберінде қарыздарды қайта қаржыландырудан бас тарту туралы шағымдары әкімдіктер жанындағы Қазақстанның әр өңірлерде жұмыс істейтін ипотекалық қарызды / ипотекалық қарызды қайта қаржыландырудан алынған бас тартуға қатысты қарыз алушылардың шағымдарын қарау жөніндегі арнайы комиссиясы қарайды. Комиссиялардың мекен-жайларын Агенттіктің сайтындағы: https://finreg.kz/?docid=1310&switch=kazakh сілтемесі бойынша табуға болады.
Егер Сізде Бағдарламаға қатысты сұрақтар немесе қаржы ұйымдарына шағымдар болса, сіз өз өтініштеріңізбен:
Азаматтар Агенттіктің Қоғамдық қабылдау бөлмесіне (сағат 10:00-13:00 аралығында), Алматы қ. Панфилов көш., 98. мекенжайы бойынша жеке қабылдауға жазыла алады. Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің директоры А.Терентьев қабылдайды.
Жазылу үшін Yermek.Utemisov@finreg.kz электронды мекенжайына мына деректерді алдын ала жіберу қажет: ТАӘ, ЖСН, байланыс деректері, қаржы ұйымының толық атауы, өтініштің қысқаша сипатты және «Қабылдауға жазылу» тақырыбын міндетті түрде көрсетіңіз.
Сондай-ақ, азаматтарға ыңғайлы болу үшін 2020 жылғы 26 наурыздан бастап Агенттікте қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау бойынша жедел желідегі телефоны жұмыс істейді. Агенттіктің жедел желідегі телефоны: +7 (727) 2788 122, 2788 144. Жұмыс уақыты: дүйсенбі-жұма 9.00-ден 17.00-ге дейін.
Қаржылық реттеушімен жедел өзара әрекеттесу мақсатында сіз «Fingramota Online» мобильдік қосымшасын пайдалана аласыз. 24/7 режимде жұмыс істейтін осы мессенджер арқылы азаматтар өздерінің қаржылық қызметтерді тұтынушылар ретіндегі құқықтарының бұзылуына, қаржы өнімдерін пайдалану шарттарына қатысты сұрақтар қоя алады, қаржылық алаяқтық жағдайлары туралы және қызметінде қаржы пирамида белгілері бар күмәнді ұйымдар туралы және тағы басқа сұрақтар қоя алады.