Алматы облысында 2025 жылдың қорытындысы бойынша нашақорлықтың алдын алу және есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бағытында жедел және профилактикалық шаралар жүйелі түрде іске асырылды.
Ағымдағы жылы облыстық нашақорлыққа қарсы штабтың 4 отырысы өткізілді. Ұйымдасқан және заманауи қылмысқа қарсы күрес аясында Жамбыл және Талғар аудандарында синтетикалық есірткі өндірумен айналысқан 2 нарколаборатория анықталып, жойылды.
Интернет кеңістігін мониторингілеу барысында «Кибернадзор» ақпараттық жүйесі арқылы есірткіні насихаттайтын және сатумен айналысатын 1 986 сайт бұғатталды. Сонымен қатар 10 657 банк картасы анықталып, оның 1 465-і Антифрод орталығына енгізілді. Нәтижесінде 97,6 млн теңгеден астам қаржы бұғатталды. Заңсыз есірткі сату деректері бойынша 4 кәмелетке толмаған жасөспірім ұсталды, бұл жастар арасында профилактикалық жұмысты күшейтудің маңызын көрсетеді.
Есірткінің заңды айналымы саласындағы құқық бұзушылықтарды анықтау мақсатында «Дармек» жедел-профилактикалық іс-шарасы үш кезеңде өткізілді. Нәтижесінде 41 құқық бұзушылық анықталды, оның ішінде 12 қылмыстық және 29 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді. Әкімшілік істердің басым бөлігі дәрілік заттарды рецептсіз беру және нысандардың техникалық талаптарын бұзу деректеріне қатысты болды.
Нашақорлықтың алдын алу бағытындағы профилактикалық жұмыс едәуір күшейтілді. Есептік кезеңде барлығы 729 антинаркотикалық іс-шара өткізілді. Оның аясында тұрғындармен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, білім беру ұйымдарында дәрістер мен кездесулер ұйымдастырылды. Сонымен қатар наркомагазиндерді жарнамалайтын граффитилерді жою бойынша 134 акция өткізіліп, 900-ге жуық жазу өшірілді. Бұл жұмыстарға 800-ден астам ерікті тартылды. Атқарылған шаралар бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде кеңінен жарияланып, жыл басынан бері 531 материал орналастырылды.
2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап «OZGER» жобасы аясында нашақорлық пен психобелсенді заттарды пайдаланудың алдын алу бағытында 14 пен 35 жас аралығындағы 5 560 жастың қатысуымен 115 іс-шара өткізілді. Сондай-ақ Іле ауданы Өтеген батыр кентінде «Нашақорлыққа қарсы антиграффити» акциясы ұйымдастырылып, Спортивная және Жансүгіров көшелеріндегі 30-ға жуық заңсыз жазбалар толықтай жойылды.
Қазіргі таңда Алматы облысы прокуратурасымен бірлесіп есірткі қылмыстарына қарсы телеграм-бот іске қосылды (AlmatyNarkoHelp_bot). Бот арқылы 800-ден астам хабарлама келіп түсіп, оның 15 дерегі расталды. Аталған платформаның мүмкіндіктерін түсіндіру жұмыстары облыстың барлық аудандарында жалғасуда.
Жыл басынан бері нашақорлықтың алдын алу шаралары аясында әлеуметтік желілерде 115 пост пен 135 сторис жарияланып, жалпы қамту көрсеткіші 950 мыңнан асты.
Сонымен қатар 3 желтоқсанда Қонаев қаласында жастар, қоғам өкілдері, блогерлер мен актерлердің қатысуымен «Есірткісіз өмір – мықтылардың таңдауы» атты форум өтті. Форумның басты мақсаты – есірткіге қарсы мәдениетті қалыптастыру және полиция мен қоғам арасындағы ашықтықты нығайту. Іс-шара «Заң мен тәртіп» қағидатына негізделді.
Форумға Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, облыстық ПД бастығы Мейрам Әбікеев, танымал спортшылар мен өнер қайраткерлері қатысты. Шара барысында биыл облыста 5 нарколаборатория анықталып, 10 тоннадан астам есірткі заттары тәркіленгені атап өтілді. Қатысушыларға алғыс хаттар табысталып, кинологиялық орталықтың көрсетілімдері мен арнайы техника, СОБР жасағының қойылымдары ұсынылды.
Жалпы, 2025 жылы Алматы облысында есірткі қылмысына қарсы күрес бағытында оң нәтижелерге қол жеткізілді. Дегенмен, 2026 жылы барлық аудан мен қалаларда нашақорлыққа қарсы штабтардың жұмысын жандандырып, профилактикалық және ведомствоаралық өзара іс-қимылды одан әрі күшейту қажеттілігі сақталуда.