Қазақстан Республикасы Президентінің «Орталық атқарушы органдар басшыларының, әкімдердің, ұлттық жоғары оқу орындары ректорларының халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы» 2016 жылғы 5 ақпандағы №190 Жарлығын іске асыру мақсатында 2020 жылдың 13 қаңтары - 19 ақпаны аралығында барлық деңгейдегі әкімдер тұрғындармен 779 кездесу өткізді, оларға 103381 тұрғын қатысты.
Барлық деңгейдегі әкімдердің есепті кездесулері барысында облыс тұрғындарынан 661 (жолдарды жөндеу мәселесі - 120, экология, санитарлық тазалық және абаттандыру мәселесі – 107, білім, денсаулық сақтау, мәдениет нысандарын салу және жөндеу - 98, елді мекендерді электр қуатымен, газбен, телефонмен қамтамасыз ету – 76, ауызсу - 54, тұрғын үй - 15, жер - 17 мәселелері, басқа - 174) ұсыныс айтылды. Оның 245 – іне жауаптар беріліп, 416 мәселені жүзеге асыру бойынша іс-шаралар жоспарлары әзірленіп, бекітілді, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды.
Облыс әкімінің есепті кездесуінде тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныстарды жүзеге асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына төмендегі 15 мәселе енгізілген. Олардың орындалуы үстіміздегі жылдың екінші, үшінші, төртінші тоқсанындарына жоспарланған.
Атап айтсақ, Іле ауданы Өтеген батыр ауылында әйелдер консультациясы бар перинаталдық орталық құрылысының техника-экономикалық негіздемесі (ТЭН) әзірленді, мемлекеттік сараптама жүргізілуде. Сараптаманың қорытындысын алу мерзімі мемлекеттік сараптаманың ескертулеріне байланысты 2020 жылдың 15 тамызына ауыстырылды. ТЭН әзірлеуге бөлінген қаражат – 16,0 млн. теңге. Құрылыс жүргізуге жер учаскесі (1,2860 га) бөлінді, жердің мемлекеттік актісі алынды. Сараптаманың оң қорытындысы алынғаннан соң жобалық-сметалық құжаттама (ЖСҚ) әзірлеуге бюджеттік өтінім беріледі. ЖСҚ дайындауға қажет қаражат - 164,55 млн. теңге.
Ескелді ауданы Қарабұлақ ауылының Мелькомбинат ауданындағы жаяу жүргіншілер өтпелеріне реттемелі бағдаршам орнату үшін облыстық бюджеттен 4,6 млн. теңге бөлінді. «Strong Company One» ЖШС мердігер ұйым жұмыстарды аяқтады, бағдаршам жұмыс жасап тұр.
Қарабұлақ ауылының 2820 метр арық желілеріне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 50 млн. теңге бөлінді. Жоба «Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020» бағдарламасы шеңберінде іске асырылатын инфрақұрылымдық жобалар тізбесіне енгізілді. «Verena tech Research» ЖШС-мен 34,7 млн теңгеге келісімшарт жасалды. Бүгінгі күні 1950 метр арық науалары төселді. Жұмыстарды аяқтау 2020 жылдың 30 тамызына жоспарланды.
«Үштөбе-Алмалы-Көпбірлік» автомобиль жолының (147,26-175,45 шақырым), Көпбірлік және Байшегір ауылдары аралығындағы автомобиль жолына орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге 407 млн. теңге бөлінді. Мемлекеттік сатып алу қорытындысына сәйкес «Фирма Талдықорған жолдары» ЖШС жеңімпаз атанды. Жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аяқтау мерзімі – ағымдағы жылдың қарашасы.
Талдықорған қаласының Оңтүстік-Батыс тұрғын үй алқабында халыққа қызмет көрсету орталығының (ХҚКО) құрылысы үшін «Бірлік» шағын ауданында жалпы ауданы 1,1 га жер учаскесі анықталды. Ситуациялық кестесі дайындалды. Ағымдағы жылдың наурыз айында ЖСҚ әзірлеуді бастау үшін қалалық бюджеттен 5,0 млн. теңге бөлінді. ЖСҚ-ның жалпы құны – 22,0 млн. теңге. ЖСҚ әзірлеуге конкурс жариялау үшін мемлекеттік сатып алу басқармасына 2020 жылдың 23 шілдесінде ұсыныс жолданды. Конкурс жариялаудың болжамды мерзімі – 10.08.2020 ж.
Іле өзеніне кірме жолды жөндеу бойынша ұзындығы 3,5 шақырым жолдың құрылысына жер учаскесін бөлу туралы Қапшағай қаласы әкімдігінің қаулысы рәсімделді. Жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасына ЖСҚ әзірлеуге қаражат (1,3 млн.теңге) бөлу жөнінде бюджеттік өтінім берілді. Ағымдағы жылдың мамыр айындағы облыстық маслихаттың сессиясында бюджеттік өтінімге қаражат бөлінген жоқ. Облыстық мәслихаттың кезекті сессиясына бюджеттік өтінім қайта беріледі. Қаражат бөлінген жағдайда кіреберіс жолдың құрылысына ЖСҚ әзірлеуге конкурс жарияланады. Қазіргі уақытта жолдың шекарасына өтіп жатқан жеке жер учаскелерін қайтарып алу жұмыстары жүргізілуде.
2019 жылы Талғар ауданындағы «Саз Талғар-7» су қоймасын күрделі жөндеуге ЖСҚ әзірлеуге облыстық бюджеттен 33,6 млн.теңге бөлінді. Мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Құрылыс-монтаж жұмыстарының құны - 373,4 млн. теңге. Облыстық мәслихаттың кезекті сессиясына күрделі жөндеу жұмыстарына қаражат бөлу туралы бюджеттік өтінім беріледі.
Талдықорған қаласындағы Абылай хан, Жансүгіров көшелері мен Н.Назарбаев даңғылындағы жол секундомерлерін ауыстыру бойынша «СМЭУ» ЖШС (тегін негізде) сметалық есеп дайындады. Құрылыс-монтаж жұмыстарының құны - 53,0 млн.теңге. 2020 жылдың 30 наурызында қалалық мәслихатқа бюджеттік өтінім берілген. Бүгінгі күні қаржы бөлінген жоқ. Қалалық мәслихатқа қайтадан өтінім беріледі, болжамалы қарастыру уақыты - а.ж. 20 тамызы. Мәслихат қолдағаннан кейін құрылыс-монтаж жұмыстарына конкурс жарияланады.
Талдықорған қаласындағы бейберекет сауда орындарын жабу мақсатында сауда павильондарын салу жоспарланды. Ол үшін а.ж. наурыз айында Абай – Гаухар ана көшелерінің қиылысындағы ауданы 0,37 га жер учаскесі қала әкімдігінің теңгерімінен «Алматы облысының қаржы басқармасы» ММ-ның теңгеріміне, әрі қарай «Жетісу» ӘКК» ӨДИ» АҚ теңгеріміне өтті. Сауда павильонының алдын-ала эскиздік жобасы «Жетісу» ӘКК» ӨДИ» АҚ-ға ұсынылды. Бүгінгі күні қалалық жер комиссиясының шешіміне сәйкес, Бас прокуратураның 2018 жылғы 31 мамырдағы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларға жер учаскелерін беру және оларды әрі қарай бөлу туралы №2-010346-18-36622 хатының негізінде жер учаскесін «Жетісу» ӘКК» ӨДИ» АҚ-ның жеке меншік иелігіне беруден бас тартылды. Осыған орай «Жетісу» ӘКК» ӨДИ» АҚ-ға аталған жер учаскесін жалға беру мәселесі пысықталуда.
Жеміс ағаштарын бактериялық күйікке қарсы өңдеу үшін республикалық бюджеттен а. ж. 122,6 млн.теңге бөлінді. Субсидиялау 2020 жылдың қыркүйегінен жүргізіледі.
Ағымдағы жылы «Алматы облысы Панфилов ауданы Панфилов қаласының кәріз желісін, сүзу алқаптарын салу және қайта жаңарту» жобасын жүзеге асыруға «Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020» бағдарламасы шеңберінде 894,8 теңге бөлінді. Мердігер ұйым «Макс Дорстройсервис - 21» ЖШС анықталды. Қазіргі уақытта 3 км кәріз жүйелері төселді, каналдарды тазалау, сүзу алқаптарын салу жұмыстары жүргізілуде. Жұмыстарды аяқтау - ағымдағы жылдың 31 желтоқсаны.
Кербұлақ ауданы Сарыөзек ауылының сумен жабдықтау жүйесін қайта жаңарту (4-кезек) жұмыстарының ЖСҚ әзірлеуге 24,1 млн. теңге (2017 ж. - 3,0 млн. тг., 2018 ж. – 24,1 млн. тг.) бөлінді. Үстіміздегі жылдың наурыз айында ЖСҚ мемлекеттік сараптамаға жолданды, мемлекеттік сараптама ЖСҚ-ны қайта қарауға жіберді. Бүгінгі күні ЖСҚ мемлекеттік сараптамадан қайталап өтуде. Мемлекеттік сараптаманың қорытындысын алу мерзімі – 2020 жылғы 1 қыркүйек. Мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған соң ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне бюджеттік өтінім енгізіледі. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының құны шамамен 1,2 млрд. теңге.
Жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы «Мостдорпроект» ЖШС жобалық ұйыммен 1 153,5 мың теңгеге Қаратал ауданындағы Тастөбе ауылына кіреберіс (0-13,4 шақырым) автомобиль жолын орташа жөндеу жұмыстарына 1 153,5 мың теңгеге ЖСҚ әзірлеуге келісімшарт жасады. Бүгінгі күні «Мостдорпроект» ЖШС мамандары жолды тексеру жұмыстарын жүргізуде.
Талдықорған қаласында белгіленбеген орындарда қойылған автокөлікті эвакуациялау үшін жаңа 6 эвакуаторлар сатып алу үшін Алматы облысының полиция Департаменті а.ж. 28 ақпанында экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына бюджеттік өтінім жіберді (225,78 млн.тг.). Алайда, бюджеттік комиссия бұл шығындарды бюджеттік қаражатты оңтайландырыруға байланысты қолдамады.
Талдықорған қаласындағы Қабанбай батыр көшесін қайта жаңартуға 2019 жылғы 25 желтоқсанда облыстық бюджеттен 1,3 млрд.теңге бөлінді. ЖШС «ПМК-7К» мердігер болып анықталды, 30.03.2020 ж. онымен келісімшарт жасалды. Көшенің жүріс бөлігін қоспағанда абаттандырылатын учаскенің көлемі – 40 879,68 м2 құрайды. Құрылыс жұмыстары жүргізілуде, аяқтау мерзімі - 2020 жылдың қазан айы.
Аудан және қала әкімдерінің есепті кездесулерінде тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныстарды жүзеге асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына 183 ұсыныс енгізілген (2019 жылы – 171). Олардың орындалуы екінші, үшінші және төртінші тоқсандарына жоспарланған. Екінші тоқсанда 23-і жүзеге асырылды. Аудандық маңызы бар қалалар, ауылдық округтер және кент әкімдерінің есеп беру кездесулерінің қорытындысы бойынша 233 ұсынысты орындау жоспарланған (2019 жылы – 165), оның ішінде екінші тоқсанда 37 ұсыныс іске асырылды.
Барлық деңгейдегі әкімдердің тұрғындармен өткізген есепті кездесулерінде айтылған ескертулер мен ұсыныстарды іске асыру жөніндегі іс-шаралардың орындалуы тұрақты бақылауға алынып, облыстық, аудандық және қалалық әкімдіктерінің отырыстарында тоқсан сайын қаралып отырады.
Бұл бағыттығы жұмыстар жалғастырылуда.