Меню

Страницы

Статья

Алматы облысының әкімі М. Е. Сұлтанғазиевтің Қоғамдық кеңес алдындағы 2023 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және 2024 жылға арналған міндеттері туралы есебі

Алматы облысының әкімі

М.Е. Сұлтанғазиевтің Қоғамдық кеңес алдында 2023 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және 2024 жылға арналған міндеттер туралы есебі

 

Қонаев қ.                                                    2024 ж. 23 қаңтар

                                   

Құрметті Қоғамдық кеңес мүшелері!

Қадірменді жерлестер!

Еліміздегі азаматтық қоғам институттарының ішіндегі айтулысы – Қоғамдық кеңестер.

Облыстық деңгейдегі, Қонаев қаласы мен әр аудандағы Қоғамдық кеңестердің мүшелері өзекті мәселелерді көтеріп, олардың шешілуіне атсалысып жүр.

Сіздердің қоғамдық негіздегі еңбектеріңіз өңірді өркендету жолында өте маңызды. Сондықтан, ең алдымен, баршаңызға ел игілігі жолында атқарып жүрген қызметтеріңіз үшін зор алғыс білдіремін.

Қоғамдық кеңестердің мүшелерімен есептік кездесу өткізу – Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асырудың айқын көрсеткіші.

Слайд 1. Осы орайда сіздерді облысымыздың 2023 жылдағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы және 2024 жылға міндеттер туралы ақпараттандыруға рұқсат етіңіздер.

Былтыр бірқатар ауқымды мәселелер шешімін тапқан, бастысы – облысымыздың ұзақ мерзімді дамуы үшін маңызды құжаттар қабылданған жыл болды. Атап айтсақ:

  • Президент Жарлығымен Алатау қаласы құрылды. Қазіргі уақытта жаңа қаланың Бас жоспары бекіту кезеңінде;

  • «Алатау» арнайы экономикалық аймағы құрылды;

  • Қонаев қаласының Бас жоспары және Қонаев қаласының 2027 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамуының Кешенді жоспары бекітілді;

  • Қонаев қаласында объектілерді салу үшін мемлекеттік сатып алуды бір көзден жүзеге асыру туралы Үкімет қаулысы қабылданды. Бұл құрылыс жұмыстарын жылдам жүргізуге мүмкіндік береді;

  • Үлкен Алматы айналма жолы (БАКАД) ашылды;

  • Алматы облысы тұрғындарының табысын арттыру жөніндегі 2029 жылға дейін есептелген өңірлік жоспар әзірленді;

  • инвесторларды тарту және олардың оң тәжірибесін қолдану мақсатында Сингапурға, Қытайға, Түркияға шетелдік сапарлар ұйымдастырылды;

  • «PepsiCo», «G-TRANS Service» сияқты ірі инвесторлар тартылып, олар өз жобаларын жүзеге асыруды бастады;

  • 13,8 мың орындық 13 мектеп, 350 орындық өнер мектебі және Олимпиадалық дайындық базасы салынды;

  • облыстағы медициналық ұйымдарға жаңа құрал-жабдықтар сатып алынды.

Слайд 2. Экономиканың барлық салаларында даму қарқыны сақталды. 2023 жылдың 9 айында жалпы өңірлік өнім 3,7%-ке өсіп, 3,1 трлн. теңгені құрады.

Өнеркәсіпте 6% өсіммен 1 трлн. 717 млрд. теңгенің өнімі өндірілді (2022ж. 1 трлн. 652 млрд. теңге, нақты көлем индексі (НКИ) - 109,1%).

Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 817,6 млрд. теңгеге жетті (2022 ж. 773,8 млрд. теңге, НКИ – 99,7%).

Құрылыс жұмыстарының көлемі 330,7 млрд.  теңгені құрап, нақты көлем индексі 103,2% болды (2022 ж. 308,2 млрд. теңге, НКИ 129,1%).

Облыс экономикасына 10,7% өсіммен 705,3 млрд. теңге инвестиция тартылды (2022 ж. 613,9 млрд. теңге, НКИ 115,3%).

Сауда көлемі 1 трлн. 486 млрд. теңгені құрады (2022 ж. 1 трлн. 404,3 млрд. теңге, НКИ 108,4%).

68,4 мың жаңа жұмыс орны ашылған, оның ішінде тұрақты жұмыс орындары – 56,7 мың (2022 ж. - 37,2 мың жұмыс орны, оның тұрақтысы - 26,3 мың).

2023 жылы  ағымдағы жұмыспен қатар жүйелі мәселелерді шешуге бағытталған ірі жобаларды жүзеге асыруды бастадық.

 

Слайд 3. Оның айқын көрсеткіші – ең алдымен жаңа жыл бастала сала Перзидентіміздің Жарлығымен құрылған Алатау қаласы. Жаңа қала құру жобасы – өткен жылдың наурызында құрылған «Алатау» экономикалық аймағын тиімді басқару, инвесторлармен «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істеу, жобалау және құрылыс жұмыстарын жүргізуге рұқсат құжаттарын жылдам рәсімдеу, фискалдық әкімшілікті тиімді үйлестіру талаптарынан туындаған қажетті қадам.

Сонымен қатар Алатау қаласының қалыптасуы, қарқынды дамуы Алматы агломерциясына тән маятниктік көші-қон мәселесін шешуге ықпал етеді.

Қала 88 мың гектар жерде орналасып, 4 аймаққа бөлінеді:

- GATE Dictrict – халықаралық іскерлік және қаржы орталығы;

- GROWING Dictrict – экспортқа бағытталған өнеркәсіп және логистикалық хабы;

- GOLDEN Dictrict – білім, ғылым, медицина және спорт хабы;

- GREEN Dictrict – туризм, демалыс және сауық орталығы.

2050 жылға қарай мұнда 2 миллионнан астам адам тұрады деп болжануда. Тұрғын үй қоры 60 млн. шаршы метрді құрайды деп жоспарлануда.

Осы қаланың өңіріміз үшін ғана емес, еліміз үшін де стратегиялық, мультипликативті маңызы өте зор.

Слайд 4. Жаңа қаланың өзегі болып отырған «Алатау» арнайы экономикалық аймағының жер көлемі Мемлекет басшысының тапсырмасымен  30 мың гектардан 96 мың гектарға дейін ұлғайды. Ол Қонаев қаласының белгілі бір бөліктерін қамтиды.

Экономикалық аймақта «Астана» халықаралық қаржы орталығының моделі негізінде Common law құқықтық режимі жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ, мұнда салық заңнамасымен реттелетін арнайы салық жүйесі енгізіледі.

Осындай қадамдар 2048 жылға дейін мұнда 3,7 трлн. теңге көлемінде инвестиция тартып, 34 мың жұмыс орнын құру жоспарына негіз береді.

Слайд 5. Жалпы облысымыздың инвестициялық тартымды өңір екендігі анық. Өткен жылдың 9 айының қорытындысы бойынша тікелей шетелдік инвестиция көлемі 586 млн. долларды құрап, 2022 жылмен салыстырғанда, 29,8%-ке өскен (2022ж. – 451,4 млн.доллар). Құйылған қаржының 44%-ті өңдеу өнеркәсібіне жұмсалған.

Жоғарыда айтылғандай, 2023 жылы барлығы 705 млрд. теңгеден астам инвестиция тартылған (өсім – 110,7%). 2030 жылға дейін есептелген инвестициялық қоржында 31 мың жұмыс орнын ашуды көздейтін, құны 3,6 трлн. теңгеден асатын 217 жоба бар.

Слайд 6. Өткен жылы шет елдік инвестицияны тартуға Үлкен Алматы айналма көлік жолы (БАКАД) көп септігін тигізді. Бес ірі халықаралық компания осы жолдың бойында жалпы құны 815 млн. доллар болатын өндіріс орындарын ашпақ. Атап айтқанда:

«PepsiCo» компаниясы (АҚШ) – «Lay’s» чипсілерін шығару өндірісін (құны – $200 млн.);

«Focus Logistics» компаниясы «OZON» компаниясымен (Ресей) бірге – A санатындағы қоймалар (құны – $151 млн.);

«Строитель 98» компаниясы (Ресей) – логистикалық кешен (құны – $100 млн.);

«KT&G» (Оңтүстік Корея) компаниясы – темекі өнімдерін өндіру зауытын (құны – $204 млн.);

«Outlet Center» – киім-кешек пен тұрмыстық заттар сату орталығын (құны – $40 млн.) салмақ.

Сонымен қатар, мұнда отандық кәсіпорындар да орналасуда. Мысалы, «Алтын таға» компаниясы құны 56 млрд. теңге болатын ($120 млн.) құрылыс материалдарын шығаратын индустриалды-өндірістік кешен тұрғызуда.

Слайд 7. Жаңадан құрылып жатқан өндіріс ошақтарын орналастыру мақсатында аумағы
1,4 мың гектар болатын 4 индустриалды аймақ құрылуда. Олар: Жамбыл ауданындағы «Қазбек бек», Іле ауданындағы «Береке», Талғар ауданындағы «Қайрат», Еңбекшіқазақ ауданындағы «Шелек» индустриалды аймақтары.

Бүгінгі күні инфрақұрылымы дайын жерлерде зауыттар салынып, іске қосылған. Нақты айтқанда,  «Береке» индустриалды аймағында «Fruit Art» жеміс-көкөністерді мұздатуға арналған сублимациялық зауыт істеп тұр. Жылына 25 мың тонна өнім өңдейтін заводта 247 адам жұмыс атқарады.

«Қайрат» индустриалды аймағында құны 130,7 млрд. теңге инвестиция тарту арқылы 15 жоба басталды. Олардың ішінде айтулы шет елдік инвестиция ретінде «Технониколь» компаниясы салып жатқан құны 100 млн. долларды құрайтын жылу оқшаулағыш материалдар зауытын атап өтуге болады. Онда 217 жаңа жұмыс орны құрылып, өндірілетін өнім ішкі нарықтың 20% қажеттілігін қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар мұнда қуаттылығы жылына 1080 тонна шойын өндіретін «SAFA Industrial» зауытының құрылысы аяқталды. Биыл аталмыш зауыт толық қуатына енеді.

Бұларға қоса «Жетіген» атты тағы бір индустриалды аймақ құру жоспарлануда. Оның мақсаты – Алматының айналасында логистикалық орталықтар мен жүк қоймаларын салу арқылы көлік инфрақұрылымына жүктемені азайту. Бұл ретте «Жетіген» – «Қазбек бек» теміржол желісін тарту басталды.

Қазақстан мен Қытай арасында жүк тасымалын арттыру мақсатында Қалжат өткізу пунктін жаңғырту басталды. Нәтижесінде жүк тасымалы 3 есе артып, тәулігіне 300 автокөлікке дейін өткізу мүмкін болады. Жұмыстар биыл қазанда аяқталады деп жоспарлануда. Сонымен қатар Қытай тарапы өз аумағында индустриалды аймақ құруда. Біздің тараптан да сондай жобаны жүзеге асыратын инвесторлар бар.

Құрметті Қоғамдық кеңес мүшелері!

Слайд 8. Халықтың ауылды жерлерде тұрып, еңбек етуіне қолайлы жағдай жасау – ішкі көші-қонды тұрақтандыруға септігін тигізеді. Сондықтан, ауыл шаруашылығын дамытуға негізгі күш салынуда. Бұл салада Алматы облысы 9,4% үлеспен республикада үшінші орынға ие.

Өңіріміз өрік, алма, алмұрт, жүгері, жүзім, картоп, көкөністер, соя және күріш өсіруден алғашқы үштікке кіреді. Жыл бойы өнім алуды қамтамасыз ету үшін жылыжай кешендері мен сақтау қоймалары көбейтілуде.

Қазіргі уақытта жалпы ауданы 85 гектар болатын 55 жылыжай, қуаттылығы 128,6 мың тонна болатын 71 сақтау қоймасы бар. Егіс алқаптары 457 мың гектарды құрайды.

Слайд 9. Президентіміз өз Жолдауында көтерген ирригация мәселесі біздің облысымыз үшін өте өзекті. Өңірдегі ұзындығы 9,4 мың шақырымды құрайтын суару жүйелерінің және гидротехникалық нысандардың 60-70%-і тозған. Сол себепті судың жартысына жуығы жоғалуда.

Облыстағы суармалы жерлердің көлемі 263,8 мың гектар. 2022 жылдан бері республикалық бюджеттен 14,3 млрд. теңге бөлініп, 7 ауданда суару жүйелері қалпына келтірілуде. Нәтижесінде қосымша 54 мың гектар жер суармалы санатына енеді.

Ирригация мәселесін түбегейлі шешу мақсатында құны 124 млрд теңге болатын  2024-26 жылдарға арналған жоспар әзірленді.

Өңірдегі су шаруашылығын жүйелеу үшін «Алматыоблсушаруашылық» мекемесін құрдық. Бұл делдалдарды жойып, шаруашылықтарға суды бекітілген тарифпен беруге мүмкіндік туғызды.

Ауыл шаруашылығында өткен жылы құны 50 млрд. теңге болатын 13 инвестициялық жоба іске асырылып, 646 жұмыс орны ашылды. Мал шаруашылығында облыс ет, сүт, жұмыртқа өндіруден, қой-ешкі, ірі қара және құс саны бойынша республика бойынша алғашқы орындарда.

Слайд 10. «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту» өңірлік бағдарламасы аясында 6 млрд. теңге бөлініп, 30 шаруашылық 13 мың бас ірі қара және ұсақ мал сатып алды.

Бұл арқылы алдағы 5 жылда асыл тұқымды ірі қараның үлесін 22%-ке (қазір – 19,5%), қойдың үлесін 20%-ке (қазір – 16,7%) жеткізу көзделуде.

Слайд 11. Ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2023 жылы облысқа 8,3 млрд. теңге бөлінген. 9,5 млрд. теңгеге 1349 өтінім түсіп, 496 өтінім бойынша 3,6 млрд. теңге несие берілген. Биыл осы бағдарлама бойынша 17,2 млрд. теңге қарастырылған, 2 664 жұмыс орны құрылады деп жоспарлануда.

Өткен жылы аграрлық салаға 43 млрд. теңге көлемінде мемлекеттік қолдау көрсетілді. Оның ішінде субсидиялар – 37,5 млрд. теңге.

Слайд 12. Ауылдық жерлердің инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында өткен жылы 21 млрд теңгеге 61 елді мекенде 86 жоба іске асырылды. Нәтижесінде ауылдардың өңірлік стандарттарға сәйкес әлеуметтік игіліктермен және қызметтермен қамтамасыз етілуі 68%-ке жетті (2022 жылы – 65,6%).

 

Слайд 13. Ауыл шаруашылығының дамуына қарқын беретін бағыттың бірі – пайдаланылмайтын жерлерді қайтарып, айналымға қосу. Облыс бойынша жалпы көлемі 612,8 мың гектар болатын жерлер анықталып, оның 222,8 мыңы (36,4%) қайтарылды. Қоғамдық жайылымға 670 мың га жер бекітілді, оның ішінде, 2023 жылы берілгені – 66,7 мың га.

Қадірменді қауым!

Ендігі кезекте облыс тұрғындарының өмір сүру сапасын арттырудағы маңызды бағыт – инфрақұрылымды дамытуға тоқталсам.

Мұнда қаржыландыру көлемі 2023 жылы           2 есеге артып, 55 млрд. теңгені құрады (2022 жылы – 26,9 млрд. теңге).

Анықтама: электр – 2,5 млрд. теңге (өсім – 160%), су – 18,3 млрд. теңге (156%), газ – 4,3 млрд. теңге (102%), кәріз жүйесі – 16 млрд. теңге (14,5 есе), жылу – 2,2 млрд. теңге (13 есе), жарықтандыру – 3,2 млрд. теңге (230%), абаттандыру – 8,8 млрд. теңге (126%).

Слайд 14. Облыс көлемінде жол салуға және жөндеуге 50 млрд. теңге бөлінді. Ол 2022 жылға қарағанда 42%-ке артық (2022 жылы – 35 млрд. теңге).

Слайд 15. Былтыр 75 шақырымнан астам сумен жабдықтау желілері салынып, 2 ауылға бір орталықтан су берілді, 5 ауылда судың сапасы жақсарды (59 жоба – 31 млрд. теңге). Таза ауыз сумен қамту деңгейі: қалаларда - 100%-ке, ауылдарда – 99,3%-ке жетті.

Слайд 16. Облыс бойынша 151 елді мекен немесе 51,4%-і газдандырылып, халықтың 68%-і көгілдір отынға қол жеткізген. Өткен жылы 22 жобаға 3,7 млрд. теңге бөлінді. 10 мың тұрғыны бар 4 елді мекен газбен қамтылды (Жамбыл ауданының Самсы, Үлгілі ауылдары және Балқаш ауданының Бояулы, Миялы ауылдары). 2025 жылға қарай облыс халқының 76,5%-і көгілдір отынға қол жеткізеді.

Слайд 17. Облысымызда тұрғын үй салу қарқыны жыл санап өсіп келеді. Былтыр 863,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 2022 жылмен салыстырғанда өсім – 9,4% (Республика бойынша 6-шы көрсеткіш). Биылғы жоспар – 888 мың шаршы метр тұрғын үй салу.

Слайд 18 Алматы агломерациясына кіретін аудандарымызға тән саяжайлар мәселесін шешуді қолға алдық.

Облысымызда 188 мың адам тұратын 674 саяжай бар. Былтыр 333 саяжайды жақын маңдағы елді мекендердің шекарасына енгізе отырып, бас жоспарларды түзету бойынша жұмыстар аяқталды. Барлық бас жоспарлар уәкілетті органдармен келісіліп, қоғамдық талқылау рәсімдерінен өтті және аудандық мәслихаттармен бекіту сатысында.

Еліміздің Жер кодексіне және «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңына сәйкес саяжайлардың аумақтарын елді мекендерге қосу олардың мәселелерін шешуге, әлеуметтік нысандар салу үшін жер учаскелерін резервке қоюға мүмкіндік береді.

Слайд 19. Алматы агломерациясындағы тағы өзекті мәселе – қоғамдық көлікпен қамтамасыз ету. Елді мекендерді, оның ішінде саяжайларды автобус қатынасымен толық қамту мақсатында коммуналдық автобус паркі құрылды (өткен жылы 25 автобус алынды). Биыл барлығы 42 елді мекенді қамтитын 16 жаңа маршрут ашылды, оның ішінде, төртеуіне мемлекеттік автопарк қызмет көрсетеді.

2022 жылы субсидия көлемі 200 млн. теңге болса, өткен жылы 1,4 млрд. теңгеге дейін көтерілді. Бұл әлеуметтік бағыттардың санын 33-ке жеткізуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар, мектеп оқушыларын тасымалдау үшін биыл қосымша 36 автобус алдық. 273 елді мекеннің 34,3 мың оқушысы қамтылып отыр (2023 жылы – 254 елді мекен, 32,7 мың оқушы).

Слайд 20. Алматы облысы – еліміздегі маңызды туристік өлкелердің бірі болғандықтан туристік инфрақұрылымды дамыту ерекше назарда.

Республикалық туристік картаға енген әрбір оныншы нысан біздің өңірде (республикада – 102 орын, Алматы облысында – 10). Былтырдан бері 15 туристік аумақта 337 шақырым таулы соқпақтар мен маршруттарды абаттандыру жүргізілуде. Көлсай көлінің инфрақұрылымын дамыту мен кәріз жүйелері мәселесін шешуді қолға алдық. Былтыр демеушілердің есебінен тегін Wi-Fi нүктесі қосылып, бейнебақылау камералары орнатылды.

Осы жерде Көлсайдың жанындағы Саты ауылы Өзбекстанда өткен Дүниежүзілік туристік ұйымның кеңесінде «Ең үздік туристік ауылдардың» қатарына кіргенін атап өткім келеді. Бұл – туризмді дамыту жұмыстарына берілген жоғары баға.

Биыл Қытаймен арадағы визасыз режимді тиімді пайдаланып, туристерді көптеп тарту үшін Нарынқолда жаяу өткізу пунктін ашу жоспарлануда. Аталған іс-шаралар туристер санын 1,2 млн. адамнан 2 млн-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Құрметті жерлестер!

Слайд 21. Жалпы экономиканың нақты секторында қол жеткізген жетістіктердің арқасында 68,4 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Оның ішінде тұрақты жұмыс орындары – 56,7 мың. Жұмыспен қамту шараларының аясында барлығы 38 мың адамға қолдау көрсетілді. Осының нәтижесінде жұмыссыздық 4,7%-ті құрады (2022ж. – 4,8%).

 

Слайд 22. Білім беру саласында біз үшін үшауысымды оқытуды және  орын тапшылығын жою болып табылады. Өткен жылы 13,8 мың орынға арналған 13 мектеп бой көтерді. Оның 12-сі үшауысымдық мектептердің орнына салынып, олардың саны 52-ден 39-ға дейін қысқарды.

Сонымен бірге 2850 орындық 5 жекеменшік мектеп  пайдалануға берілді.

«Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында 2024-2025 жылдары 54,6 мың орындық 53 мектеп салынады. Оның 24,9 мың орындық 26 мектебі биыл қолданысқа беріледі деп жоспарлануда.

Осылайша үш ауысымда оқыту мен оқушы орнының тапшылығын жою көзделіп отыр.

Былтыр 6,4 млрд. теңгеге 78 мектеп жаңғыртылды. 2,1 млрд.теңгеге 236 пәндік кабинет сатып алынды (физика - 72, химия – 68, биология – 71, STEM - 25).

2023 жылдан бастап 1-4 сынып оқушылары толығымен тегін ыстық тамақпен қамтылды. Осы жылы 142,4 мың оқушыны қамту үшін жергілікті бюджеттен 6,3 млрд. теңге бөлінді.

Слайд 23. Денсаулық сақтау саласында да оң өзгерістер бар.

Жалпы өлім-жітім 4,6%-ке (2023ж. 11 айында 1 мың адамға шаққанда, 6,34-тен 6,05-ке дейін), қатерлі ісіктерден болатын өлім-жітім 9,7%-ке азайды (54,90-нан 49,60-қа дейін). Медициналық жабдықтармен жабдықталу – 91,4%, автокөлікпен жабдықталу – 44,4%-ті құрады.

Кеген ауданында бір дәрігерлік амбулатория салынып, іске қосылды. Ауруханаларға 3 МРТ аппараты сатып алынды (Қонаев қ., Еңбекшіқазақ және Қарасай аудандары).

Өткен жылы «Қазақстан Халқына» қоры заманауи жабдықтармен қамтылған 1,1 млрд. теңге тұратын 2 жылжымалы медициналық кешенді сыйға тартты. Кешендер шалғай ауылдардың тұрғындарын скринингтен өткізуде.

Денсаулық сақтау саласын дамытуда мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі кеңінен қолданылуда. Қазіргі күні өңірде осы сипаттағы
20 жоба жүзеге асырылған.

Анықтама: Қонаев қаласында, Еңбекшіқазақ ауданының Есік қаласында, Қарасай ауданының Шамалған және Жібек жолы ауылдарында, Балқаш ауданының Бақанас ауылында медициналық орталықтар, Қонаев қаласының көп салалы ауруханасының жанынан неврология и эпилептология орталық ашылған.

Жақын аралықта тағы 4 жоба іске асырылып, ел игілігіне қызмет етеді деген жоспар бар.

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2024-2025 жылдары 38 медициналық нысан салу көзделуде. Биыл үшеуінің құрылысы басталады.

Сонымен қатар Қонаев қаласында 800 төсектік көпбейінді аурухана, 500 келушіге арналған емхана, қалалық аурухана жанындағы инфекциялық блок салу жоспарланған.

Слайд 24. Мәдениет және спорт салаларын  дамыту  назарымызда. Өткен жылы облыс бойынша 3 мәдениет үйі, 10 кітапхана мен мұрағат ашылды. Осы жылы 8 мәдениет үйінің құрылысы жалғасуда.

2023 жылы 1 дене шынықтыру-сауықтыру  кешені және 4 спорт кешендері іске қосылды.  Нәтижесінде халықтың 1000 адамға шаққанда спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі 39,6%-дан 49,0%-ға дейін ұлғайды. Биыл 1 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін және 2 спорт кешенін салуға 2 млрд.теңге бөлінді.

 

 Құрметті есептік кездесуге қатысушылар!

Слайд 25. Енді көпшіліктің ойындағы облыс орталығы – Қонаев қаласының дамуына келетін болсақ.

Ең алдымен, қала инфрақұрылымының тозғанын атап өту керек. Қордаланған мәселелерді шешу үшін облыс орталығы болғаннан бері қаланың бюджеті 4 есеге өсіп, 36,6 млрд. теңгені құрады (2020 жылы – 14,6 млрд теңге, 2021 жылы – 9,2 млрд теңге, 2022 жылы – 30,1 млрд теңге).

Былтырдан бастап 20 шақырым жол жөнделіп, 37 шақырым электр желілері, 20 шақырым су желілері тартылды. Орталық саябақ пен көшелерді, көпқабатты үйлердің аулаларын қосқанда, 65 нысан абаттандырылды. 1,7 га жағажай жайластырылды. 33 үйдің қасбеті мен шатырлары жөнделді. Жылу жүйелерінің апатты бөліктері қайта жаңғыртылды (2,4 шақырым).

Қаланың кәріз жүйесі тозған. Өткен жыл 10 шақырым апатты бөлігі жөнделді. Мәселе мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында толық шешілмек.

Жоғарыда аталған Қонаев қаласының Бас жоспарының бекітіліп, жаңа әкімшілік-тұрғын үй орталығын салуды көздейтін 5 жылдық кезеңге арналған қаланы дамытудың кешенді жоспарының қабылдануы қарқынды құрылысқа негіз болып табылады.

Екінші кезеңде «Жаңа Іле» алаңы игеріледі. Онда әлеуметтік-тұрмыстық, мәдениет, білім беру ғимараттары, тұрғын-үй кешендері және рекреациялық нысандар салынады. Қонаев қаласының өркендеуі бүкіл өңірге тың серпін берері анық.

 

Слайд 26. Өз баяндамамды аяқтай отырып, ағымдағы жылдың міндеттеріне атам өтсем.

  1. Экономикалық дамудың жоғары қарқынын сақтау, инвестициялар тарту және халықтың табысын ұлғайту.

  2. Агроөнеркәсіп кешені саласында ет, сүт, майлы дақылдар, көкөністер мен жемістерді қайта өңдеу бойынша ірі инвестициялық жобаларды іске асыру.

  3. Шағын және орта бизнеске жан-жақты қолдау көрсету.

  4. Тұрғын үй құрылысының көлемін ұлғайту, кенттердің ішіндегі жолдарды жөндеу, халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету.

  5. Үш ауысымды оқытуды жою, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру.

  6. Ауыл тұрғындарына медициналық көмек көрсетудің қолжетімділігін арттыру үшін «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру.

  7. Халық үшін қауіпсіз жағдайлар жасау.

 

Құрметті Қоғамдық кеңес мүшелері!

Халқымызда «Түйін бір қолмен байланбайды, бір қолмен шешілмейді» деген мақал бар. Жергілікті атқару органдары мен қоғамдық ұйымдар біріге әрекет етсе, кез-келген түйін тарқатылып, өңірдегі өзекті мәселелер рет-ретімен шешіліп, облысымыз қарқынды дамитыны анық.

Жаңадан басталған жылда Қоғамдық кеңестердің жұмыстарына табыс, әрқайсыңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға ырыс-ынтымақ тілеймін!

Облысымыз өркендеп, Отанымыз гүлдене берсін!

Назарларыңызға рақмет!

Дата публикации
29 января 2024
Дата обновления
29 января 2024
Тип
Сөз сөйлеу

Сейчас читают

Ақпарат
20 октября 2026
5 region.kz
Ақпарат
20 октября 2026
Қара дала
Ақпарат
19 октября 2026
Ішкі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргізу нәтижелері бойынша айқындалған сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне бейім лауазымдар тізбесі

Социальные медиа

zhetysupress

Меню подвал

ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы