Бүгін Алматы облысы әкімдігінің жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиясының 2023 жылғы 26 мамырда екінші көшпелі отырысы облыс әкімі бірінші орынбасарының төрағалығымен Кеген ауданында өтті.
Отырысқа прокуратура өкілі, аудан әкімдерінің орынбасарлары, комиссия мүшелері мен ата-аналар қатысты.
Отырыстың көтерілген негізгі мәселесінің бірі - Кеген ауданы Саты ауылында кәмелетке толмағандар арасында орын алған жағдайлардың қайталанбауы мен алдын алу шаралары.
Жиын барысында Кеген ауданы әкімінің орынбасары Қабылбеков Кеңес Күнесбайұлы, облыс бойынша бала құқықтары жөніндегі уәкіл Есімбекова Айгүл Қанатқызы Баяндама жасады.
Қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі – балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне, зорлық-зомбылық пен суицидке жол бермеу және олардың санын азайту болып табылады. Жиын барысында аудан әкімдеріне кәмелетке толмағандар арасындағы буллинг, кибербуллинг фактілерін болдырмау үшін тиісті жұмыстар жүргізу мен суицид фактілері орын алмауы бойынша алдын алу шараларын күшейту тапсырылды. Сонымен қатар, кәмелетке толмағандардың құқық бұзушылықтарының алдын-алу бойынша ата-аналар мен сынып жетекшілерінің жұмыстарын белсенді түрде жүргізу, психологтардың, тәуекел тобындағы балалармен жұмыс жасайтын мамандардың біліктілігі мен дайындық деңгейін арттыру тапсырылды. Сонымен қатар, полиция департаментіне түнгі рейдтік іс-шараларды тұрақты түрде ұйымдастыру, мектеп психологтары, ювеналдық полиция бөлімдері ата-аналармен, оқушылармен бірлесіп семинар-тренинг, дөңгелек үстел, құқықтық және психологиялық сауаттандыру жұмыстарын жүргізу қажеттілігі айтылды.