Алматы облысының әкімі «Синергия» Мәскеу қаржы-өнеркәсіп университетінің өкілдерімен кездесті деп хабарлайды өңірлік баспасөз қызметі.
Жиында аймақ үшін стратегиялық маңызды салаларда білім беру бағдарламаларын дамыту мен IT-технологиялар және туризм саласындағы инвестициялық жобалар талқыланды.
«Корпорация құрамына әртүрлі бейіндегі ұйымдар кіреді, бірақ негізгі бағыты білім беру болып табылады. Оның құрылымының жүрегі - «Синергия» университеті, білім берудің барлық деңгейлерінде 1000-нан астам бағдарлама ұсынылған Ресейдің ең ірі жеке университеті. Білім ордасы өзінің технологиялық ресурстары, маркетинг, сату және білім беру процесін басқару саласындағы әзірлемелер негізінде үздіксіз білім беру моделін жүзеге асырады»,- деді университеттің Даму жөніндегі вице-президенті Анастасия Полякова.
Айта кетейік, 2022-2023 оқу жылында «Синергия» университетінде бакалавриат және магистратура бағдарламалары бойынша білім алушылар саны 60 мыңнан астам студентті құраған. 2021 жылы Университет «Интерфакс» кәсіпкерлік бағдарламалар рейтингінде бірінші орынды иеленеді.
Сондай-ақ, жоғары білім беру бағдарламалары бойынша оқыту 29 бағыт бойынша жүргізіледі. Оқытудың жаңа бағыттарының қатарына бизнес-информатика, мехатроника және робототехника, психологиялық-педагогикалық білім беру, теледидар, сауда ісі, персоналды басқару, фармация жатады.
Университеттің өңірлік директоры Жорж Геворгянның айтуынша, Орталық Азияда, соның ішінде Қазақстанда аталмыш университеттің филиалын ашу көзделген. Бүгінгі күні 92 елден 20 мың студент білім алуда. Шет елдік білімгерлердің көшін Қазақстаннан келген жастар бастап тұр екен.
Сонымен қатар, университет өкілдері жоғары оқу орнының филиалын ашқан жағдайда, мекеме үшін ғимарат мәселесі қалай шешімін табады деген сұрақтарын аймақ басшысына тікелей жолдады.
Өз кезегінде облыс әкімі Марат Елеусізұлы бұл түйіннің шешімін табуға ат салысатынын жеткізді.
«Алматы облысында 1 ЖОО және 22 колледж бар. Олардың ғимараты жаңа білім ордасы үшін қолайлы болады деп айта алмаймын. Алайда, түрлі амалдарын қарастыруға болады. Кейбір ғимараттарды алып, университет үшін қайта жөндеуден өткізіп, реттеуге мүмкіндік бар. Бастысы сіздер біздің өңірге қажетті сала мамандарын кәсіби түрде даярлап шығарсаңыздар жеткілікті»,-деді облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев.
Кездесу соңында Алматы облысының әкімдігі мен «Синергия» Мәскеу қаржы-өнеркәсіп университеті арасында әріптестік қарым-қатынас орнату және Алматы облысының аумағында жобаларды іске асыру үшін қажетті іс-шараларды айқындау мақсатында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.