Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының ұйымдастырушылық-әдістемелік басшылығымен Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 12 қазандағы № 725 қаулысымен бекітілген "Дені сау ұлт" әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау ұлттық жобасын" іске асыру шеңберінде Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күніне орай (24 наурыз) туберкулездің алдын алу бойынша 2023 жылғы 15-24 наурыз аралығында онкүндік өткізіледі.
Туберкулез әлемдегі ең қауіпті инфекциялардың бірі болып қала береді, күн сайын 4100-ден астам адам туберкулезден қайтыс болады және 28000-ға жуық адам осы алдын алуға болатын және емделетін аурумен ауырады. 2000 жылдан бастап туберкулезге қарсы жаһандық күш-жігер шамамен 66 миллион адамның өмірін сақтап қалды. Алайда, COVID-19 пандемиясы аурумен күресте қол жеткізілген жетістіктерді жойды. 2020 жылы он жылдан астам уақыт ішінде алғаш рет туберкулезден болатын өлім-жітімнің өсуі байқалды. Иммундық жүйесі әлсіреген адамдар туберкулездің даму қаупінің жоғарылауына ұшырайды.
Қазақстан туберкулезбен аурушаңдықты төмендетудің айтарлықтай қарқынын көрсетіп отыр. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Фтизиопульмонология ұлттық ғылыми орталығының деректері бойынша соңғы 10 жылда туберкулезбен аурушаңдық көрсеткіші 2,3 есе төмендеді. Қазақстан туберкулезді емдеудің тиімділігі бойынша әлемде 4- ші орында тұр. Елде туберкулездің алдын алу, диагностикалау және емдеу тегін жүргізіледі. Қазақстан халықаралық стандарттарға сәйкес туберкулезді ерте диагностикалаудың, емдеудің және алдын алудың ең заманауи әдістері енгізілген бірнеше елдердің қатарына жатады.
Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күні - 24 наурыз, аурудың ауырлығы мен онымен күресу қажеттілігі туралы қоғамның хабардар болуында маңызды рөл атқарады.
Онкүндік аясында Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күнінде фтизиатрлардың, жалпы практика дәрігерлерінің консультациялары, ел халқын флюорографиялық тексеруден өткізу, халық үшін кең ауқымды іс-шаралар жоспарланған. Мамандар аурудың алғашқы белгілері кезінде медициналық көмекке уақтылы жүгіну қажеттілігіне халық назарын аударады.
Туберкулездің алдын алу шаралары - салауатты өмір салты: дұрыс тамақтану (ет, сүт, көкөністер мен жемістерді жеткілікті мөлшерде тұтыну); тұрақты физикалық белсенділік; демалу; темекі шегуден, алкогольден, есірткіден бас тарту; жеке гигиена ережелерін сақтау (қолды, ыдыс-аяқты жуғыш заттармен және ағынды сумен жуу), ылғалды тазалау және желдету; ет пен сүтті міндетті түрде пісіріп тұтыну; туған кезде міндетті БЦЖ вакцинациясы және 6-7 жаста ревакциналау.