Көрсеткіштер.
2019 жылдың қорытындысы бойынша мониторинг деректеріне сәйкес облыста туристерді қабылдайтын 781 нысан жұмыс жасайды, олармен 2272,3 мың адамға қызмет көрсетілді (соңғы 5 жылда туристер саны екі есеге өсті, 2015 жылы – 887 мың адам), 2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім - 18,7%, (2018 ж. - 1914,9 мың адам), ақылы туристік-сауықтыру қызметтерінің көлемі 15,9 млрд. теңгені құрады, өсім 23,3% (2018 ж. – 12,9 млрд теңге).
Алматы облысында ішкі туристердің шығындары 2019 жылы 31,2 млрд.теңгені құрады, оның ішінде 23%-ы немесе 7,4 млрд.теңге көлік шығындарына, 7,1 млрд. теңге (22,1%) түрлі тауарларды (киім, гаджеттер, асыл тастар) сатып алуға, 6,1 млрд. теңге (19,0%) тамақтануға (мейрамханаларда, дәмханаларда), 4,9 млрд. теңге (15,2%) орналастыру орындарында тұруға, 2,0 млрд.теңге (6,2%) кәдесый өнімдерін сатып алуға, 1,3 млрд. теңге (4%) сауықтыру қызметтеріне, 2,4 млрд. теңге (7,4%) өзге де қызметтерге жұмсалған.
Инвестициялар.
Соңғы 5 жылда облыста жалпы сомасы 40,1 млрд. теңгеге 196 жаңа туризм нысаны пайдалануға берілді, оның ішінде 2019 жылы облыс картасында 19,3 млрд. теңгеге 48 жаңа орналастыру орны пайда болды.
Ағымдағы жылы облыста 4,2 млрд. теңгеге 27 туризм нысанының құрылысын аяқтау жоспарлануда.
2020 жылдың 1 тоқсанында 110 млн.теңге сомасына 3 нысан (Алакөл ауданы) іске қосылды.
Тау кластері аумағында Талғар ауданында орналасқан қолданыстағы «Ой-Қарағай-Апорт» (1-кезең) және «Ақбұлақ» тау курорттарын кеңейту бойынша және Еңбекшіқазақ ауданындағы «Түрген» (1-кезең) тау курорты, Райымбек ауданындағы «Park Canyon» ойын-сауық кешені секілді жаңа ірі инвестициялық жобаларды жалпы сомасы 542,7 млрд.теңге жеке инвестициялар есебінен іске асыру жоспарлануда.
Сонымен қатар, Алакөл көлінің жағалауында жазғы амфитеатр мен коттедж қалашығының «Alakol Apartments» жобасын 4 млрд.теңгеге іске асыру жоспарлануда.
Көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру.
Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде гидтер– экскурсоводтар, орналастыру орындарының өкілдері, мұражайлар, мемлекеттік ұлттық табиғи парктер, туристік фирмалар үшін көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру бойынша 18 курс пен оқыту семинары, сондай-ақ әуежайлар, теміржол вокзалдары, шекара және полиция қызметкерлері үшін біліктілікті арттыру бойынша тренингтер ұйымдастырылды және өткізілді. 2019 жылы біліктілікті арттыру, оның ішінде, сандық сауаттылықты арттыру курстарымен облыстағы туризм саласының 700-ден астам қызметкері қамтылды.
Бұған қоса, соңғы үш жылда TripAdvisor, Google және Яндекс сияқты әлемдік онлайн платформаларына туризмнің 8000 нысанын түсіру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді, Wikipedia интернет-энциклопедиясы беттерінде облыстың туристік орындары туралы 300-ден астам жаңа мақалалар орналастырылды.