Облыс басшысы аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауға келген Айжан Талқабаева Бірлік ауылына жаңа мектеп салуды сұрады. Әзірге мұндағы балалар көрші ауылдағы мектепке барып оқып жүр. Оларды автобуспен тасымалдау жолға қойылғанымен, мектеп үш ауысымда оқытындықтан оқушылар үйлеріне жеткенше тым кеш болады. Есік қаласының тұрғыны Раушан Төпеловті де балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жайы алаңдатады. Уәлиханов көшесінде жаяу жүргінші жолы жоқ, 3 шағын ауданның балалары мектепке суару каналын қоршап тұрған плиталармен жүріп барады. Облыс әкімі бұл мәселені әлеуметтік желіден оқығанын айтты. Бұл көшеге тротуар салуға қажетті 129 миллион теңгенің бастапқы 50 млн. теңгесі бөлініп, құрылыс жұмыстары сәуір айында басталатыны айтылды. Мердігер мекеме анықталған.
Қабылдауда Қызылжар ауылының су жүйесінің ескіргені де айтылды. Осы мәселені көтерген ауыл тұрғыны Ерік Амановтан Қанат Бозымбаев ауылдағы ауыз су жайын толығырақ сұрастырып білді. «Ауыл су көзін тау суынан құбыр арқылы алып отыр, бірақ бұл су сүзілмейді. Әсіресе қыс кезінде судан қиындық көреміз», - деді Е.Аманов.
- Дәл қазір ауылда су бар ма? – деп сұрады Қанат Бозымбаев.
- Ауылда 4 мыңдай адам тұрады. Сусыз отырғанымызға 3 күн болды. Құбырда қатқан мұзды өзіміз ойып жатырмыз.
- Сусыз ауыл тұрғындары қиындық көріп отыр. Осы мәселені оңды шешетін қандай нақты жоспарларыңыз бар? – деді облыс әкімі аудан басшылығына қарата.
Олардың айтуынша, су жүйесі 1960 жылдары салынған, жобаның ЖСҚ-сы дайын, мемлекеттік сараптамадан өткен. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен 1,2 млрд. теңгеге бюджеттік сұраныс берілген.
- Ауданның жаңа тағайындалған әкімі осы мәселені назарға алсын. Бұл тұрғындардың бірінші жеткізіп отырған маңызды проблемасы. Халықтың көтерген мәселелерін сапалы шешкенде ғана елдің сеніміне кіресіз, - деді Қанат Бозымбаев.
Облыс әкімі «FROSCO», «Жетісу Вольфрам» ЖШС-лары басшыларының бизнес жобаларымен де танысты.
Сапар барысында Қанат Бозымбаев Есік өзенінің жағалауын абаттандыру және жөндеу жұмыстарымен көрді. Өзен жағалауында қала тұрғындарының демалуына шамамен 1 шақырым жерге балаларға арналған ойын алаңдары, воркаут, велотрек, жаяу жүргіншілер жолы, спорт алаңдары, 2 автотұрақ жасалып, маңайы көгалдандырылады. Жұмыстың алғашқы кезеңі жүріп жатыр.