
Басқарманың миссиясы: жер қатынастарын тиімді дамытуды қамтамасыз ету, жер ресурстарын тиімді және ұтымды пайдалану, жердің сапалық жай-күйін мониторингілеу және арттыру, Облыстың жер қорын бөлу есебін жүргізу, жер учаскелерін берудің ашықтығын қамтамасыз ету, Жерге орналастыруды жүргізу.
Міндеттері:
1) жергілікті деңгейде жер қатынастары саласында мемлекет мүдделерін қорғау;
2) аудандық, қалалық (облыстық маңызы бар) атқарушы органдардың жер ресурстарын пайдалану және қорғау бөлігінде қызметін үйлестіру;
3) облыстың экономикалық дамуы мақсатында жерлерді тиімді пайдалану үшін жағдай жасау болып табылады.

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрі м.а 2015 жылғы 27 наурыздағы № 255 бұйрығымен бекітілген жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелеріне құқық беру қағидаларының 28-тармағына сәйкес комиссияның қорытындысы шыққаннан кейін Қазақстан Республикасы азаматтарының және оралмандардың өтініштері арнайы есепке қойылып, бөліп берілетін алаңдардың дайын болуына қарай жеке тұрғын үй құрылысы үшін пайдаланылатын бос аумақтар болған жағдайда кезегіне қарай қанағаттандырылады.
Жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін берілетін алаңдар елдi мекеннiң егжей-тегжейлi жоспарлау жобасына немесе бас жоспарына сәйкес бөлінеді.
Бұдан бөлек, жер заңнамаларында жер учаскелерінің бөліну кезінде жеңілдіктер қарастырылмаған және кезекте тұрған азаматтардың құқығы тең болып саналады.
Мемлекеттік меншіктегі және жер пайдалануға берілмеген жер учаскелерін шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін беру Жер кодексінің 43-1-бабында белгіленген тәртіппен конкурс негізінде жүзеге асырылады.
Жергілікті атқарушы орган жер учаскелерінің тізбесін дайындайды және хабарландыруды қалыптастырады.
Жергілікті атқарушы органдар шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурсты өткізу туралы хабарламаны тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік аумағында таралатын мерзімді баспасөз басылымдарында, сондай-ақ жергілікті атқарушы органның интернет-ресурсында жариялауды жүзеге асырады.
Бұқаралық ақпарат құралдарында конкурсқа шығарылатын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің тізбесі жарияланған күннен бастап, Қазақстан Республикасының азаматтары конкурсқа қатысу үшін өтінім берулеріне болады.
Ауыл шаруашылығы мақсатына арналған жер учаскелері жергілікті атқарушы органдармен ұйымдастырылған конкурстар негізінде беріледі.
Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту тәртібі Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 49-1-бабымен реттелген.
Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге мүдделі жеке және заңды тұлғалар жер учаскесі орналасқан жер бойынша жергілікті атқарушы органға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қағаз жеткізгіште не «электрондық үкімет» веб-порталы немесе Мемлекеттік корпорация арқылы өтініш береді.
Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы шешім осы Жер кодексінің 43-бабының 2-тармағына сәйкес құрылатын комиссияның қорытындысы негізінде қабылданады.