
Қазақстан Республикасы Орталық сайлау
комиссиясының үндеуі
Құрметті сайлаушылар!
Сайлауға қатысуыңыздың кепілі Сіздің сайлаушылар тізіміне енгізілуіңіз болып табылады. Тізімдерді дауыс беруге арналған нақты учаскенің аумағында тұрғылықты жері бойынша тұрақты тіркеу негізінде жергілікті атқарушы органдар (әкімдіктер) жасайды.
Тұрақты тіркеуі жоқ азаматтар тізімдерге олардың орналасқан жері бойынша әкімдіктерге берген өтінішінің негізінде енгізіледі. Дауыс беру күні өзінің тіркелген жері бойынша сайлау учаскесіне келе алмайтын әрбір азамат дауыс беру күніне отыз күн қалғанда, немесе 2023 жылғы 17 ақпаннан КЕШІКТІРМЕЙ тиісті әкімдікке өтініш беріп, өзінің нақты орналасқан жері бойынша сайлау учаскесінде тіркелуге құқылы.
Өтініш түскен кезде әкімдік азаматты тіркелген жері бойынша сайлаушылар тізімінен шығаруды және оны дауыс беретін учаскенің тізіміне енгізуді ұйымдастырады.
ОСЫ ҚҰҚЫҚТЫ:
1) дауыс беру күні тіркелген жері бойынша болмайтынын білетін азаматтар;
2) басқа қаладан келген, арнаулы орта және жоғары оқу орындарында оқитын, жатақханалардан тыс тұратын студенттер;
3) вахталық әдіспен жұмыс істейтін азаматтар пайдалана алады.
Азамат, біртұтас жалпы ұлттық сайлау округін, сондай-ақ бірмандаттық аумақтық сайлау округтерін ескере отырып, сайлаушылардың бір ғана тізіміне енгізіле алады.
Сайлаушылар тізіміне тіркелген жеріңіз бойынша енгізілгеніңізді тиісті әкімдіктің сайты немесе call-орталығы арқылы тексеруге болады.
2023 жылғы 4 наурыздан бастап Сізге өз учаскеңіздегі сайлаушылар тізіміндегі деректеріңізді тексеру мүмкіндігі берілетін болады.
Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы