
«Досты іздеп таппайды, тағдыр өзі қосады» — бұл Нұрлан Нұрахметұлының өзінің сөзі еді. Ол жұмыс ортасында жастарды - інісіндей, үлкенді - ұстаздай, құрдасты –тұлғадай сыйлайтын.
Өмірінің әр кезеңінде ұлағатты істерге орын тауып, көптеген ізгі істерімен есте қалған Нұрлан Нұрахметұлы 1962 жылы тамыз айының 17-ші жұлдызында Ақсу ауданының Қызылағаш ауылында өмірге келген. Алматы қаласының зоотехникалық малдәрігерлік институтын тәмамдап, мал дәрігері мамандығын иеленген.
Еңбек жолын 1982 жылы Қапал ауданы, Алажиде ауылдық ветучасткесінің веттехнигі болып бастап, әр жылдарда ветеринария саласында түрлі жауапты қызметтер атқарды. Кейін Алматы облысы ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті Ескелді аудандық аумақтық инспекция бастығының орынбасары, Алматы облысы, Ескелді ауданының ветеринария бөлімінің басшысы болды.
2020 жылдың 19 ақпанынан «Алматы облысы ветеринария басқармасы» мемлекеттік мекемесінің ветеринариялық шараларды ұйымдастыру бөлімінің басмаманы қызметін атқарған.
Нұрлан Нұрахметұлы, әріптесіміз ветеринария саласына еңбегін ерен сіңірген, жетістіктері мен қатар өз қиындықтары да жетерлік осы салада өзін іскер азамат, шебер ұйымдастырушы, тапқыр маман, батыл да талапшыл басшы ретінде көрсете білді. Еңбегінің жемісі ретінде әр жылдары түрлі мемлекеттік наградалар мен құрмет грамоталарына ие болған, кейбірлерін атап айтсақ; 2015 жылдың 05 тамызында «Қазақстан Республикасының Конституциясына 20 жыл» мерей той медалімен марапатталған.
Нұрлан Нұрахметұлы, әріптесіміз қандай қызметте болса да, іскерлігінен бөлек, ең алдымен өзінің адамгершілігі мол, кісілік қасиетке ие, үлкен жүректі азамат екенін танытты.
Жарқ етіп өте шыққан санаулы ғұмырында өзінің қажырлы еңбегімен Нұрлан Нұрахметұлы мәнді де мағыналы өмір сүріп, көптің рахметіне бөленіп, халықтың алғысын алды.Оның өмірілік жолы жас буынға үлгі бола алатын тәлімді жол деп білеміз.
Нұрлан Нұрахметұлының
жарқын бейнесі мен ерен
еңбегі әріптестерінің
жадында мәңгі сақталады.