2023 жылы ауыл шаруашылығы жануарлары мен құстардың аса қауіпті ауруларының 16 түрі бойынша ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралар жүргізілді, жылдық жоспар 100%-ға орындалды.
Эпизоотияға қарсы іс-шараларды жүргізуге 3,7 млрд. теңге бөлініп, толық игерілді.
Жыл басынан жануарлардың аса қауіпті ауруларының 8 қолайсыз ошағы тіркелді. Оның ішінде, ұсақ мүйізді малдың брадзоты 1 ошақ (Еңбекшіқазақ ауданы), ұсақ мүйізді малдың энтеротоксемиясы 1 ошақ, ұсақ мүйізді малдың шешегі 1 ошақ (Жамбыл ауданы), мүйізді ірі қараның қарасаны 3 ошақ (Талғар, Кеген аудандары), ауыл шаруашылық жануарларының хламидиозы 2 ошақ (Талғар ауданы), Кеген ауданындағы қарасанның 1 ошағында сауықтыру шаралары жүргізілуде, қалған ошақтар толығымен сауықтырылды.
Диагностикалық зерттеу нәтижесінде 292 бас мүйізді ірі қара мен 168 бас ұсақ мүйізді мал бруцеллезге оң нәтиже көрсетті. Ауру жануарлар Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің 29.06.2015 жылғы № 7-1/587 бұйрығымен бекітілген Ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) қағидалардың талаптарына сай санитариялық союға өткізілді.
Бруцеллез ауруымен ауырған ауыл шаруашылығы жануарларының иелеріне нарықтық құнының 30 пайызы көлемінде 28,3 млн теңге өтем ақы төленді.
Бүгінгі күні облыс аумағында эпизоотиялық жағдай тұрақты.