Алматы облысы ветеринария басқармасының 2025 жылдың қорытындысы бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген ішкі талдау нәтижелері туралы аналитикалық анықтама

Алматы облысы ветеринария басқармасының 2025 жылдың қорытындысы бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген ішкі талдау нәтижелері туралы аналитикалық анықтама

Қонаев қ. 10.03.2026 жыл

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабының 5-тармағына, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының 2016 жылғы 19 қазандағы №12 бұйрығымен бекітілген Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізудің үлгілік қағидаларына сәйкес, сондай-ақ Алматы облысы ветеринария басқармасы басшысының (бұдан әрі – Басқарма) 23.02.2026 жылғы №36-н/қ бұйрығы негізінде жұмыс тобы 2026 жылғы 23 ақпан мен 27 ақпан аралығында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізді.

Ішкі талдау келесі бағыттар бойынша жүргізілді:

І. Басқарма қызметіне әсер ететін нормативтік құқықтық актілердегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау бағыты бойынша

Басқарма Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады және өз қызметін ветеринария саласында Қазақстан Республикасының «Ветеринария туралы» Заңына, Қазақстан Республикасының Конституциясына және өзге де заңдарына, Президент пен Үкімет актілеріне, басқа да нормативтік құқықтық актілерге, Ережеге (Алматы облысы әкімдігінің 2024 жылғы 29 қарашадағы №325 қаулысымен бекітілген, оған сәйкес Басқарманың қарамағындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындар тізбесіне «Алматы облысының ветеринариялық станциясы» ШЖҚ МКК кіреді), сондай-ақ Басқарманың ішкі нормативтік құжаттарына (қағидалар, нұсқаулықтар, регламенттер, құрылымдық бөлімшелер туралы ережелер және т.б.) сәйкес жүзеге асырады.

Талдау барысында Басқарма мен оның құрылымдық бөлімшелерінің қызметін реттейтін ережелер, ішкі және сыртқы нормативтік құжаттар зерделенді.

Қазіргі таңда проблемалық мәселелердің бірі – жануарларды (қаңғыбас иттер мен мысықтарды) аулау, уақытша ұстау және жансыздандыру мәселесі.

2022 жылғы 2 наурызда Қазақстан Республикасының «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңы (бұдан әрі – Заң) күшіне енді. Заңды әзірлеуші – Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі (ЭГТРМ). Мамыр айында ЭГТРМ жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы қызметті реттейтін заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерді бекітті.

Қазіргі уақытта аталған қызметті жүзеге асыру облыстың жергілікті атқарушы органы құрған мемлекеттік кәсіпорындардың, яғни ветеринария саласындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындардың құзыретіне кіреді.

Қолданыстағы «Ветеринария туралы» Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес бұл функция тұтастай алғанда Ветеринария басқармасы мен оның ведомстволық ұйымдарына тән емес.

Жергілікті атқарушы органдардың ветеринариялық қызметінің негізгі міндеті – адам мен жануарларға ортақ аурулардың алдын алу және емдеу.

Жергілікті деңгейде уәкілетті орган ретінде облыстардың ветеринария басқармалары айқындалған, олар нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді, сондай-ақ иттер мен мысықтарды стерилизациялауды, сәйкестендіруді, аулауды және жансыздандыруды ұйымдастырады.

Заңның 9-бабына сәйкес жануарларды аулау, уақытша ұстау және жансыздандыру қағидалары, сондай-ақ үй жануарларын ұстау және серуендету қағидаларының жобалары әзірленді.

Заң үй жануарларын жансыздандыруға тыйым салады (Заңның 15-бабы 1-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда) және оларды арнайы баспаналарда, уақытша ұстау орындарында ұстауды қарастырады.

Жергілікті атқарушы органдар Заңды іске асыру барысында қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және ұстау мәселелері бойынша бірқатар қиындықтарға тап болды.

Біріншіден, жергілікті бюджетте баспаналар мен уақытша ұстау орындарын салуға және ұстауға бос қаражат жоқ. Республикалық бюджеттен қаражат бөлінбеген. Осыған байланысты адамдардың денсаулығына қауіп төндіретін және жұқпалы аурулардың көзі болуы мүмкін қаңғыбас жануарларды аулау мәселесі ашық күйінде қалып отыр.

Екіншіден, облыс аумағында заңнамамен бекітілген функцияларды жүзеге асыратын 1 облыстық ветеринариялық станция жұмыс істейді. Ветеринариялық мамандар күн сайын ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сәйкестендіру және мемлекеттік қызметтер көрсету іс-шараларына тартылған. Аулау жұмыстарын жүргізу көп еңбекті қажет етеді және мамандарға қосымша жүктеме түсіреді. Қосымша штат ашуға қаржылық мүмкіндік жоқ.

Үшіншіден, облыста 17 жеке баспана жұмыс істейді, алайда олардың сыйымдылығы ветеринариялық қызмет аулаған қаңғыбас иттер мен мысықтарды қабылдауға және ұстауға жеткіліксіз, ал кейбір аудандарда мұндай баспаналар мүлдем жоқ.

Төртіншіден, ЭГТРМ тарапынан қаржыландыру көлемін есептеу үшін қажетті иттер мен мысықтарды азықтандыру нормативтері әзірленбеген.

Сонымен қатар, ЭГТРМ-де иттер мен мысықтарды есепке алуға арналған ақпараттық жүйені әзірлеуге бірыңғай тәсіл қалыптаспаған. Бұл жұмыс облыстардың жергілікті атқарушы органдарына жүктелген.

Әр облыстың ақпараттық жүйені өз бетінше әзірлеуін келесі себептерге байланысты дұрыс емес деп санаймыз:
– бағдарламалық өнім әзірлеуге мемлекеттік бюджет қаражатының жұмсалуы;
– жүйе архитектурасына бірыңғай тәсілдің болмауы;
– жануарларға жеке нөмір беру кезінде сәйкессіздіктердің туындауы.

Үй жануарының жеке нөмірі деректер базасында автоматты түрде қалыптастырылады және он бес таңбадан тұрады: алғашқы үш таңба – Қазақстан Республикасының ISO халықаралық стандарты бойынша коды (398), төртінші және бесінші таңбалар – жануар түрінің сандық коды, алтыншыдан он бесінші таңбаға дейін – бірегей реттік нөмір.

Белгілі бір нөмірмен жануардың Алматы облысында да, басқа облыстарда да тіркелуі мүмкін, бұл мал басын есепке алу тәртібінің бұзылуына, өңіраралық тасымалдаудың қиындауына және есепке қою мәселелеріне алып келеді.

Ұсынымдар:

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігіне келесі ұсыныстармен бастамашылық хат жолдау:
1) мемлекеттік баспаналар салуға республикалық бюджеттен қаржы бөлу мүмкіндігін қарастыру;
2) жануарларды азықтандыру нормативтерін республикалық деңгейде бекіту;
3) қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау, уақытша ұстау және жансыздандыру функцияларын бәсекелестік ортаға беру.

ІІ. Басқарманың ұйымдастырушылық-басқарушылық қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау бағыты бойынша

1) Персоналды басқару, оның ішінде кадрлардың ауысуы

2025 жылғы жағдай бойынша Басқарманың штат саны – 21 бірлік, нақты саны – 20 адам.

Қызметкерлердің жалпы санынан:
2025 жылы жұмысқа қабылданғандар – 2 адам. Қызметкерлер конкурс қорытындысы бойынша тағайындалды.
Жұмыстан босатылғандар – 2 адам.

Қолданыстағы заңнамада белгіленген сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер мен тыйымдарды бұзу фактілері анықталған жоқ (оның ішінде коммерциялық ұйымдарды сенімгерлік басқаруға беру және т.б.).

Мемлекеттік қызметшілердің жеке істерінде ант қабылдау мәтіндері, ҚР мемлекеттік қызметшілерінің әдеп нормаларымен танысу парақтары, шектеулер, жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын тұлғалар алған сыйлықтарды мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органға немесе ЖАО-ға тапсыру туралы жадынамалар бар.

2) Жеке және заңды тұлғалардың өтініштері

2025 жылы Басқармаға 996 өтініш келіп түсті, оның ішінде қайталама өтініштер – 0.

Жеке және заңды тұлғалардың өтініштеріне берілген жауаптарда қабылданған шешімге шағымдану құқықтарының түсіндірілмеуі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің туындауына себеп болуы мүмкін.

Қаралған барлық өтініштер бойынша өтініш берушілерге қабылданған шешіммен келіспеген жағдайда сотқа жүгіну қажеттігі түсіндірілді.

3) Мүдделер қақтығысын реттеу

Талдау барысында анықталған жақын туыстардың, ерлі-зайыптылардың және жекжаттардың бірге қызмет атқару фактілері сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін туындатуы мүмкін.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» ҚР Заңының 14-бабы 1-тармағына сәйкес жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдар, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдар және соларға теңестірілген адамдар (ҚР Президенттігіне кандидаттарды, Парламент немесе мәслихат депутаттарын, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімдерін және жергілікті өзін-өзі басқарудың сайланбалы органдары мүшелерін қоспағанда) жақын туыстарының, жұбайының (зайыбының) немесе жекжаттарының тікелей бағынысында болатын лауазымдарды атқара алмайды.

Басқармада жақын туыстардың, жұбайлардың және жекжаттардың бірге қызмет атқару фактілері анықталған жоқ.

Ішкі талдау қорытындысы бойынша жұмыс тобы келесі ұсынымдарды берді:

1. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігіне келесі ұсыныстармен бастамашылық хат жолдау:
1) мемлекеттік баспаналар салуға республикалық бюджеттен қаржы бөлу мүмкіндігін қарастыру;
2) жануарларды азықтандыру нормативтерін республикалық деңгейде бекіту;
3) қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау, уақытша ұстау және жансыздандыру функцияларын бәсекелестік ортаға беру.

Дата публикации
22 июня 2026