Облыс әкімінің Ұйғыр ауданына жұмыс сапары

Облыс әкімінің Ұйғыр ауданына жұмыс сапары

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев  Ұйғыр ауданына жұмыс сапарымен барды.

Қарадала өңіріне жасаған сапарында аймақ басшысы ең алдымен «Қалжат» кеден бекетіне атбасын бұрды.

Қазақстан-Қытай шекарасында орналасқан «Қалжат» кеден бекеті арқылы күніне  100-ден астам көлік өтеді.  Аталмыш бекетте көліктік-логистикалық орталық жұмыс жасайды. Заман талабына сай салынған кеден және логистикалық орталық бір терезе қағидасы бойынша жұмыс істейді. Іскер жандарға қолайлы болу үшін кеңселер мен банк бөлімшелері де бар.

Алдағы уақытта бұл аймақта «Дулат-Қонаев» бағытында Қазақстан-Қытай  жаңа темір жолы түсуі мүмкін.

«Бекеттің көліктерді өткізудегі қауқарын арттыру керек. Ол үшін жаңа темір жол салу қажеттілігі туындаған еді. Бұл істі дереу қолға алу қажет. Темір жол қолданысқа берілсе, ауыл шаруашылығы өнімдерінен бастап, ең аяғы көмірге дейін тасымалдауға мүмкіндік тумақ»,-деді облыс әкімі Марат Елеусізұлы.

Бекеттен шыққан аймақ басшысы «АҚ Бірлік» жылыжай кешенін бетке алды.

2018 жылы ашылған жылыжайда қызанақ өсіріледі.  Алынған өнім «Алтын орда» базарында сатылымға шығады. Бүгінгі күні мұнда 25 адам еңбек етеді.  Қазіргі таңда 4,1 га аумаққа қосымша жылыжай кешені салынып жатыр.

«Бізде «Алтын орда» базарында облысқа бөлінген 100 орын бар. Соның 10-ын өздеріңізге алып, Ұйғыр ауданының өнімдері деп, өсіріп отырған өнімдеріңізді еш кедергісіз кез келген уақытта шығаруға болады»,-деді Марат Сұлтанғазиев.

Артынша, Марат Сұлтанғазиев «ЭСО park» демалыс айлағына барып, ауданның туристік әлеуетіне шолу жасады. Негізінде, Қарадала жерінде 170-ке тарта ыстық су ұңғымалары бар. Бұл демалыс орындарына осы уақытқа дейін 120,5 мың турист келген, оларға құны 763,6 млн. теңге көлемінде қызмет көрсетілген.

Айта кетерлік жайт, ыстық судан нәсіп тауып отырғандардың тек 60-ы ғана жерасты суларын тұтынуға рұқсатнама алған. Соған қарамастан аталмыш су қорларын пайдаланушылар саны артып келеді. Өңір басышы жауаптыларға мәселені шешуді тапсырды.Сонымен қатар, Марат Сұлтанғазиев парк ішіндегі балық, түйеқұс өсіретін орынға барды. Мамандардың айтуынша келешекте кіші Венеция сияқты аумақ құрылысын жүргізіп, туристерді тарту көзделген.  Облыс әкімі жауаптыларға жобаның тұжырымдамасын жасауды тапсырды.

 Одан кейін, өңір басшысы Дардамты ауылының орта мектебіне бас сұқты.Іргетасы 1990 жылы қалған білім ордасында 263 оқушы білім алады.  Қабырғасы қақыраған білім мекемесіне күрделі жөндеуді талап етеді.

«Сейсмикалық жағдайын қарастыру керек  және күрделі жөндеуге қанша қаржы керек екенін есептеу қажет. Егер қажетті ақша мөлшері көп болса, онда жаңадан мектеп салған абзал»,-деді облыс әкімі.

 Мектептің жай-күйіне қаныққан Марат Елеусізұлы, «OTAN Green Food» ЖШС-не табан тіреді.  Аудандағы ірі құс фабрикасы 2020 жылы іске қосылған. Бүгінгі күні жылына 29 мың тонна бройлер құсын  өсіруге қауқарлы.  900 адамды жұмыспен қамтып отырған  серіктестіктің ауамғы  934 га жерді алып жатыр. Фабрика директоры Жақып Барлыбаевтің айтуынша, кәсіпорын мұздатылған, табиғи және ұсақталған жартылай фабрикаттар түрінде жеткізілетін құс етін өндірумен айналысады. Қазіргі таңда мұнда жылына 29000 тонна құс еті өндіріледі.

Марат Сұлтанғазиев аталған фабриканың облыс экономикасына қосқан үлесінің зор екенін тілге тиек етті.   Құс етін шығаруды көзбен көрген Марат Елеусізұлы өңірдегі жеміс-көкеніс концерванттарын өңдеу зауытын аралап шықты.  «Agro Processing» ЖШС-не тиесілі кәсіпорын 2018 жылы салынған. 4,5 гектар аумақты алып жатқан  бұл жобаның құны 450 млн. теңгені құрайды.  Мұнда алма мен өрік жемістері өңдеуден өтеді. 

Облыс әкімі Ұйғыр ауданындағы сапары барысында «Алмерек баба» саябағының жобасымен танысты. Халықтың бр мезгіл тынығып, серуендейтін айрықша орны Шонжы ауылындағы оңтүстік батыс жағалауының маңынан ашылмақ.  Құны 480 млн теңге болатын жобаның аяқталуын «Projekt Stroy Group» ЖШС-гі мойындарына алған.  Жауаптылардың айтуынша,  демалуға арнғалған саябақтың жер көлемі 2,6 га аумақты алып жатыр. Саябақ келер жылы қолданысқа беріледі деп күтілуде.