Меню

Страницы

Статья

Дүниежүзілік сайлау күні

2022 жылғы 3 ақпанда Дүниежүзілік сайлау күнінің 17 жылдығы атап өтіледі.

Бұл күнді атап өту дәстүрі 2005 жылы Еуропа елдерінің сайлауын ұйымдастырушылар қауымдастығының (ЕЕСҰҚ) бастамасымен басталды және оны Біріккен Ұлттар Ұйымы қолдады.

Дүниежүзілік сайлау күні жыл сайын ақпанның бірінші бейсенбісінде атап өтіледі, өйткені Халықаралық сайлау туралы келісімдерге ақпан айының басында қол қойылды.

Дүниежүзілік сайлау күнін құра отырып, ұйымдастырушылар азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету және сайлау процестерін жетілдіру мәселесіне адамдардың назарын аударуға тырысты.

Бұл күннің мақсаты-демократиялық сайлаудың маңыздылығын еске салу, сайлаушылардың белсенділігін арттыру.

Қазақстанда сайлауды өткізудің негізгі принциптері

Сайлау туралы заманауи қазақстандық заңнама сайлау қатынастары мен процестерінің әр түрлі аспектілерін реттейтін нормативтік құқықтық актілер блогынан тұрады. Ол өзінің құрамы жағынан кең және алуан түрлі. Сайлау заңнамасына нақты мемлекеттік билік органдарын сайлауға арналған арнайы нормативтік актілер ғана емес, сонымен қатар азаматтардың сайлау құқықтарын, сайлау құқығының принциптерін реттейтін актілер, сондай-ақ сайлау процесінің жекелеген кезеңдері кіреді.

 Қазақстан Республикасының Конституциясы үстемдікке, жоғары заңдық күшке және ел аумағында тікелей қолданысқа ие елдің Негізгі заңы болып табылады. 3-баптың 2-тармағында баяндалған, халық билікті тікелей республикалық референдум және еркін сайлау арқылы жүзеге асырады деген конституциялық норма мемлекеттің демократиялық институттары жүйесіндегі сайлаудың басым орнын белгілей отырып, мемлекеттің конституциялық құрылысы негіздерінің бірі болып табылады. Халықтың «мемлекет өмірінің аса маңызды мәселелерін демократиялық әдістермен, оның ішінде республикалық референдумда немесе парламентте дауыс беру арқылы шешуге» қатысуы – республика қызметінің түбегейлі принципі.

 Қазақстан Республикасының Конституциясында сайлау заңнамасының іргелі принциптері жарияланады, Президентті, Парламент және мәслихаттар депутаттарын сайлауға байланысты негізгі нормалар бекітілген.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 87-бабының 4-тармағына сәйкес облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдерін қызметке тиісінше облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың мәслихаттарының келісімімен Республика Президенті тағайындайды. Өзге әкімшілік-аумақтық бөліністердің әкімдері заңда айқындалатын тәртіппен қызметке тағайындалады немесе сайланады, сондай-ақ қызметінен босатылады.

 Қазіргі уақытта «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» ҚР Конституциялық заңымен аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің тікелей сайлауын өткізу тәртібі регламенттеледі.

 Қазақстан Республикасы Конституциясының 33-бабы Қазақстан азаматтарының тікелей және өз өкілдері арқылы мемлекет ісін басқаруға қатысуға, мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарын сайлауға және оларға сайлануға, сондай-ақ республикалық референдумға қатысуға құқығы бар екенін айқындайды. Сот іс-әрекетке қабілетсіз деп таныған, сондай-ақ сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтардың сайлауға және сайлануға, республикалық референдумға қатысуға құқығы жоқ.

Қазақстан Республикасы азаматтарының сайлауға қатысуы жасырын дауыс беру кезінде тең, жалпыға бірдей және төте сайлау құқығы, сайлауға еркін және ерікті қатысу принциптеріне негізделеді.

Қазақстанда сайлау өткізудің ережелері, рәсімдері және негізгі принциптері «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы», «Республикалық референдум туралы», «Қазақстан Республикасының Президенті туралы», «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының конституциялық заңдарында, сондай-ақ бірқатар басқа нормативтік құқықтық актілерде белгіленеді.

Сайлау өткізу рәсімі бойынша тікелей және жанама болады. Тікелей сайлау кезінде сайлаушылар атқаратын лауазымға кандидаттар үшін тікелей дауыс береді. Жанама сайлау кезінде таңдаушылар дауыс береді.

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 6, 8, 9-баптарына сәйкес аудандық маңызы бар қаланың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдері тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктерде салыстырмалы көпшіліктің мажоритарлық жүйесі бойынша тікелей сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы сайланады. Басқа кандидаттармен салыстырғанда дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың ең көп дауысын алған кандидат сайланды деп есептеледі.

Қазақстан Республикасы азаматтарының сайлау құқықтарын, құқықтарын іске асыруды, сайлау тәртібін сипаттайтын сайлауға қатысу принциптерін қарастырайық.

Жалпыға бірдей сайлау құқығы принципі 18 жасқа толған Қазақстан азаматы мемлекеттік билік органдарына және сайланбалы жергілікті өзін-өзі басқару органдарына сайлауға, ал заңдарда белгіленген жасқа толғанда сайлануға құқылы екенін білдіреді. ҚР азаматы жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, шығу тегіне, мүліктік және лауазымдық жағдайына, тұрғылықты жеріне, дінге көзқарасына қарамастан, белсенді және бәсең сайлау құқығына ие. Қазақстанда сайлау құқықтарын заңдарға сәйкес бұлтартпау шарасы – күзетпен ұстау қолданылған адамдар да пайдаланады, өйткені олар сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында отырғандар болып табылмайды, сондай-ақ сот іс-әрекетке қабілеті шектеулі деп таныған азаматтар да пайдаланады.

 Қазақстан Республикасының Конституциясында бірқатар шектеулер белгіленген: сот іс-әрекетке қабілетсіз деп таныған азаматтарды және сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтар сайлауға және сайлануға құқығы жоқ. Сонымен қатар заңнамаға сәйкес бұлтартпау шарасы – күзетпен ұстау қолданылған адамдар да, олар сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында отырғандар болып табылмайтындықтан, сондай-ақ сот іс-әрекетке қабілеті шектеулі деп таныған азаматтар сайлау құқықтарын пайдаланады.

Бәсең сайлау құқығына шектеулер қойылды. Қазақстан Республикасының Президенттігіне, Парламент және мәслихат депутаттығына, аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдігіне, сондай-ақ өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органының мүшелігіне заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар адам, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық қылмыс және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасауда кінәсін сот таныған адам кандидат бола алмайды («Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 4 бабы).

Егер белсенді сайлау құқығын алудың жасына байланысты шарты 18 жасқа толу болса (ол белсенді сайлау құқығының жас шегі деп аталады), онда бәсең сайлау құқығын алу үшін қажет жас деңгейі басқа болуы мүмкін. Мысалы, Қазақстан Республикасының Президенті болып қырық жасқа толған республика азаматы сайлана алады; отыз жасқа толған адам Сенат депутаты бола алады; Мәжіліс депутаты – жиырма бес жасқа толған, мәслихат депутаты – жиырма бес жасқа толған, аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімі – жиырма бес жасқа толған адам.

Қазақстан Республикасында сайлау құқығының әмбебаптығы жарияланып қана қоймай, оған кепілдік беріледі. Сайлау туралы заңнама сайлау құқықтары бар барлық азаматтардың сайлауға нақты қатысу мүмкіндігін қамтамасыз ететін кепілдіктерді көздейді. Сайлау құқығының әмбебаптығын қамтамасыз ету үшін сайлаушылар тізімдерін жасау кезінде азаматтардың құқықтарына кепілдік беру ерекше маңызды – олардың тізімге енгізілмеуіне, тізімдегі қателіктер мен дәлсіздіктерге шағымдану құқығы бар.

 Заңнама әр сайлаушының өз құқығын пайдалану мүмкіндігін қамтамасыз етуге бағытталған ұйымдастырушылық сипаттағы бірқатар шараларды белгілейді. Атап айтқанда, сайлау учаскелері ауруханаларда, санаторийлерде, демалыс үйлерінде және сайлаушылардың уақытша болатын басқа да жерлерінде, шалғайдағы және қатынасу қиын аудандарда, сайлау күні жүзуде жүрген кемелерде құрылады.

Шетелде жүрген Қазақстан азаматтарының толығымен сайлау құқықтарына ие болуы жалпыға бірдей сайлаудың маңызды кепілі болып табылады. Шет мемлекеттің аумағында болатын ҚР азаматтары үшін Қазақстан Республикасының шет мемлекеттердегі өкілдіктері жанынан сайлау учаскелері құрылады.

Тең сайлау құқығы принципі демократиялық сайлауды қамтамасыз ету үшін үлкен маңызға ие. Тең сайлау құқығы сайлаушылардың Республика Президентін, Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарын, аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдерін, жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелерін сайлауға тең негіздерде қатысатынын және олардың әрқайсысының бір сайлау бюллетеніне тиісінше бір дауысы бар екенін білдіреді. Сайлаушыны біреуден артық сайлаушылар тізіміне енгізуге болмайды, ол жеке өзі дауыс береді, жеке басын куәландыратын құжатты көрсетіп, сайлаушылар тізімінен бюллетеньді алғаны туралы қол қояды.

Жасырын дауыс беру принципі Президентті, Парламент Мәжілісі мен Сенаты депутаттарын, мәслихаттар депутаттарын, аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін, республиканың өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелерін сайлауда дауыс беру сайлаушының ерік білдіруіне бақылау жасау мүмкіндігін және сайлаушының еркіне қысым жасауды болғызбайтын жағдайларда жүзеге асырылатындығында көрінеді. Дауыс беруге арналған үй-жайлар жасырын дауыс беруге арналған кабиналармен немесе арнайы жабдықталған орындармен жабдықталады. Оларға сайлаушы бюллетень толтырған кезде кімнің болса да қатысуына жол берілмейді.

Қазақстан Республикасы азаматтарының сайлауға өз еркімен қатысу принципі ешкімнің сайлаушыға оны сайлауға қатысуға немесе қатыспауға мәжбүрлеу мақсатында ықпал етуге құқығы жоқ екендігінде көрінеді. Сайлау кезінде ерік білдіру бостандығы сайлау күні үгіт жүргізуге тыйым салумен де қамтамасыз етіледі.

Қазақстан Республикасының заңнамасында сайлау құқығының басқа да принциптерін іске асыру қамтамасыз етілген: баламалылығы (бәсекелестігі), сайлау комиссияларының сайлауды дайындауы мен өткізуін қамтамасыз ету, азаматтар мен қоғамдық бірлестіктердің сайлау алдындағы үгітті жүргізу құқығы, сайлауды бюджет қаражаты есебінен қаржыландыру, сайлауды дайындау мен өткізу кезіндегі жариялылық және басқалар.

Дата публикации
03 февраля 2022
Дата обновления
03 февраля 2022
Тип
Баспасөз релиздері

Сейчас читают

Ақпарат
14 октября 2026
МАСЛИХАТ-2026
13 октября 2026
Календарный план
13 октября 2026

Социальные медиа

Меню подвал

ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы