Қазіргі кезде Қазақстанда көпдеңгейлі зейнетақы жүйесі жұмыс істеуде. Бұл нені білдіреді? Зейнет жасына келген қазақстандықтардың алатын зейнетақылары: ортақ, базалық зейнетақы және БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдері. Енді зейнетақы төлемдерінің әр түрін жеке-жеке қарастырып көрейік.
Ортақ зейнетақы. Ортақ зейнетақыны 1998 жылға дейін кем дегенде жарты жыл еңбек өтілі бар азаматтардың алуына құқығы бар. Ортақ зейнетақыны есептегенде екі көрсеткіш алынады: 1998 жылдын 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтілі және 1998 жылғы 1 қаңтардан кейінгі 36 айдағы еңбекақы мөлшері. Бұл жерде, есептеу үшін қолданылатын орташа айлық табыстың жоғарғы шегі 2022 жылы 146 280 теңгені құрайтын 46 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) аспауы керек. 2023 жылдан бастап бұл көрсеткішті 55 АЕК-ке дейін арттыру жоспарлануда.Ортақ зейнетақыны толық көлемде алу үшін әйелдерде 20 жыл еңбек өтілі, ер адамдарда 25 жыл еңбек өтілі болу керек. Егер еңбек өтілі жеткіліксіз болса, зейнетақы мөлшері де еңбек өтіліне пропорционалды түрде азайтылады. Яғни, еңбек өтілі толық көлемде болса, ортақ зейнетақының ең үлкен шамасы ағымдағы жылда 87 768 теңгені құрайды. Алайда осы жылы зейнетке шыққан адамдардың толық еңбек өтілі болу үшін ер кісілер 14 жасынан, әйелдер 16-17 жастан бастап еңбекке араласуы керек. Жыл өткен сайын зейнетке шығатын адамдарда 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі азая береді және болашақта 1998 жылға дейін жұмыс істемегендер зейнетке шығатын уақыт та келеді. Бұл 2040-шы жылдары болады. Базалық зейнетақы. Базалық зейнетақы еңбек өтілінің бар-жоғына қарамастан адамдардың барлығына тағайындалады. Егер зейнетақы жүйесіндегі қатысу өтілі 10 жыл болса немесе мүлдем жоқ болса, зейнеткерге төменгі күнкөріс деңгейінің 54% мөлшерінде базалық зейнетақы тағайындалады. Ағымдағы жылы оның шамасы 20 191 теңгені құрайды. 2023 жылдан бастап базалық зейнетақының төменгі мөлшерін – төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ға дейін арттыру жоспарлануда. Аталып отырған 10 жылдан асатын әрбір жыл үшін 2 пайыз қосылады, бірақ шамасы төменгі күнкөріс деңгейінің 100% аспауы тиіс, ол - 37 389 теңге (2022 ж.). Келесі жылы бұл көрсеткіш 120 % дейін көтеріледі. БЖЗҚ-дан берілетін төлемдер. Қазіргі зейнетақының бұл үшінші құрамдауыш бөлігі. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап БЖЗҚ төлемдері арнайы әдістемемен саналып, кесте бойынша төленіп отырады. Осындай төлемдерді алуға, тек БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар және зейнет жасына келген адамдар құқылы. Биыл ерлер 63 жаста, әйелдер 60,5 жаста зейнетке шығады. Келесі жылдан бастап 2028 жылға дейін қоса алғанда, әйелдер 61 жаста зейнетке шығады.Ай сайынғы төлемді есептеу үшін келесі әдістеме қолданылады: зейнетақы жинақтарының сомасы 6,5%-ға көбейтіліп, 12-ге бөлінеді. Болашақта төлемдер жыл сайын 5%-ға артып отырады. Бұл ретте ай сайынғы төлемдер, кем дегенде төменгі күнкөріс деңгейінің 70 % төмен болмауы керек (37 389 *70%=26 172,30). Мысалы, зейнетақы жинақтарының сомасы 3 000 000 теңге делік. Жоғарыда аталып кеткен әдістеме бойынша санағанда, ай сайынғы төлем 16 250 теңгені құрайды (3 000 000 * 6,5% /12=16 250). Алайда нақты төленетін соманын мөлшері 26 172,30 теңге. БЖЗҚ-дан төлемдер алушының шотындағы қаражат таусылғанға дейін төленеді.«Сонымен 1998 жылға дейін еңбек өтілі жоқ немесе өтілі аз, болмаса жалақысы төмен адамдар не істеуі керек? Осындай қазақстандықтардың зейнет жасындағы өмірлері қайғылы тіршілікпен өте ме?» - деген сауалдар көп азаматтың көкейіндегі сұрақтар. Қазіргі жастарды лайықты зейнетақымен қамтамасыз ету мақсатында зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғырту жоспарлануда. Ол тағы бір міндетті құрамдауыш – жұмыс берушінің есебінен төленетін міндетті зейнетақы жарналарын (ЖМЗЖ) енгізу. Бұл жинақтаушы зейнетақы жүйесінің жаңа жарнасы. Оны енгізу 2024 жылы жоспарланған (орысша нұсқадағы ескертуді қараңыз).Зейнетақы жарнасының бұл түрі - жұмыс берушінің есебінен төленетін міндетті зейнетақы жарнасы, оның шамасы қызметкердің ай сайынғы табысынан 5% мөлшерінде қызметкердің зейнетақы шотына аударылады.Жұмыс берушіге түсетін жүктемені теңгерімді қалыпта ұстап тұру мақсатында, 2024 жылдан бастап жарнаны біртіндеп 5%-ға дейін ұлғайта отырып, МЗЖ енгізу мүмкіндігі қарастырылуда. Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасын енгізу болашақ зейнеткерлерді лайықты зейнетақымен қамсыздандыруға мүмкіндік береді.