Қазақстандық тауар өндірушілердің тізілімі туралы

Қазақстандық тауар өндірушілердің тізілімі туралы

Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын іске асыру жөніндегі 11 ақпандағы хаттамаға (бұдан әрі – Хаттама) сәйкес, Хаттаманың 10-тармағының 4) тармақшасына орай Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі және Атамекен Ұлттық кәсіпкерлер палатасы 2025 жылғы 1 наурыздан бастап Қазақстандық тауар өндірушілердің тізілімін (бұдан әрі – КТӨ тізілімі) іске қосуды және отандық өнеркәсіп кәсіпорындарын тіркеу рәсімдерін толық аяқтауды қамтамасыз етуге міндетті.

КТӨ тізілімі – бұл Қазақстандық тауар өндірушілер мен олар өндіретін тауарлар туралы мәліметтерді қамтитын «электрондық үкіметтің» ақпараттық жүйесі. Тізілім Қазақстан Республикасының «Өнеркәсіптік саясат туралы» Заңының 9-бабының 41-1) тармақшасына және Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2025 жылғы 27 тамыздағы №327 бұйрығымен бекітілген Тізілімді жүргізу қағидаларына сәйкес жүргізіледі.

Тізілімге кім өтініш бере алады?

Тізілімге енгізу туралы өтінімді Қазақстан Республикасының резиденті болып табылатын кәсіпкерлік субъектісі – заңды тұлға немесе жеке кәсіпкер бере алады.

Тауар:

  • Қазақстан Республикасының аумағында толық өндірілген; немесе
  • Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2025 жылғы 25 қыркүйектегі №392 бұйрығымен айқындалған ең төменгі өндірістік және технологиялық операциялар орындалған жағдайда өндірілген болуы тиіс.

Өтінім беру тәртібі

Өтінім «электрондық үкімет» веб-порталындағы жеке кабинет арқылы электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) пайдалану арқылы онлайн түрде беріледі.

Өтінім беру кезінде мынадай үш келісім ұсынылуы қажет:

  1. дербес деректерді өңдеуге келісім;
  2. өндіріс нысанына бағалау және мониторинг жүргізу үшін қолжетімділік беру;
  3. өндірісті бағалау мақсатында бейнебақылау жүйесін орнатуға және бейнематериалдарға қашықтан қолжетімділік беруге келісім.

Қоса берілетін құжаттар мен мәліметтер:

  • өндірістік алаңның мекенжайы;
  • өнім кодтары (ТН ВЭД, КП ВЭД, ЕНС ТРУ, ал құрылыс материалдары үшін – АГСК-3);
  • өндірістік процесс бойынша бейнематериал;
  • әрбір тауар бойынша ел ішіндегі құндылық үлесінің (ЕҚҮ) есебі;
  • міндетті сәйкестікті бағалау құжаты (қажет болған жағдайда);
  • жабдықтар мен өндірістік үй-жайлар туралы мәліметтер;
  • қызмет түрі рұқсат беру тәртібіне жататын болса, тиісті рұқсат құжаттары.

Ел ішіндегі құндылық үлесін (ЕҚҮ) есептеу

ЕҚҮ мына формула бойынша есептеледі:

ЕҚҮ = 100% − (шетелдік материалдардың құны / тауардың өзіндік құны × 100%)

Бұл ретте тауардың өзіндік құны қосылған құн салығын (ҚҚС) және пайданы қоспай көрсетіледі.

Өтінімді қарау мерзімдері

  • Цифрлық верификация – 3 жұмыс күніне дейін;
  • Салалық комиссияның өндірісті бағалауы – цифрлық верификация аяқталғаннан кейін 10 жұмыс күніне дейін;
  • Уәкілетті органның шешім қабылдауы – комиссия шешімі алынғаннан кейін 2 жұмыс күні ішінде.

Құжаттар жеткіліксіз болған жағдайда өндіріс орнына барып бағалау жүргізіледі. Бұл кезеңде қарау мерзімі тоқтатыла тұрады. Нәтижесінде өндірісті бағалау актісі жасалады.

Уәкілетті орган комиссия хаттамасын алғаннан кейін 2 жұмыс күні ішінде Тізілімге енгізу немесе дәлелді бас тарту туралы шешім қабылдайды.

Тізілімдегі мәртебені растау

Қазақстандық тауар өндірушінің мәртебесі Тізілімнен берілетін үзінді көшірмемен расталады. Үзінді нысаны №327 бұйрыққа 2-қосымшада бекітілген.

Тізілімге қатысу шарттары

Тізілімге енгізілу ерікті болып табылады. Алайда реттелетін сатып алуларға қатысу және мемлекеттік қолдау шараларын алу үшін өндіруші КТӨ тізіліміне енгізілуі тиіс.

Тізілімнен шығару негіздері:

  • мониторинг нәтижелері бойынша сәйкессіздік анықталуы;
  • өндірушінің өз өтініші;
  • кәсіпорынның таратылуы немесе қайта ұйымдастырылуы.

Сәйкессіздіктер анықталған жағдайда өндірушіге оларды келесі мониторингке дейін жою туралы хабарлама жіберіледі. Қайта жойылмаған жағдайда Тізілімнен шығару туралы хабарлама жолданады. Бұзушылықтар жойылғаннан кейін өтінім қайта берілуі мүмкін.

Өтінім беру, Тізілімге қатысу және оның сервистерін пайдалану – тегін.

Өтпелі кезең

КТӨ тізілімінен берілетін үзінді көшірме – тауардың шығу тегі мен отандық өндіруші мәртебесін растайтын жаңа құжат.

2026 жылғы 1 қаңтарға дейін бұрын берілген:

  • СТ-KZ нысанындағы шығу тегі сертификаттары;
  • индустриялық сертификаттар (өтпелі кезең аясында) қолданыста болды.

Өтпелі кезең аяқталғаннан кейін жалғыз растаушы құжат – КТӨ тізілімінен алынған үзінді көшірме болады.

КТӨ тізілімін реттейтін нормативтік құқықтық актілер:

  • Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2025 жылғы 27 тамыздағы №327 бұйрығы – КТӨ тізілімін жүргізу қағидалары;
  • Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2025 жылғы 25 қыркүйектегі №392 бұйрығы – өндіріс, өндірістік және технологиялық операциялар шарттары;
  • Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2025 жылғы 17 қыркүйектегі №372 бұйрығы – Апелляциялық комиссияның құрамы мен ережесі.

Пайдалы сілтемелер:

 

Дата публикации
24 февраля 2026