
Бүгін Алматы облысы тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы және «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен ZOOM платформасы арқылы қашықтан оқыту үдерісіндегі электронды ресурстарды ұйымдастыру және пайдалану негізінде педагогтардың кәсіби біліктілігін көтеру, тәжірибе алмасу мақсатында «Қашықтан оқытуды дамыту идеялары» республикалық онлайн семинары өткізілді. Аталған шараға республика бойынша мемлекеттік тілді оқыту орталықтарының әдіскерлері мен оқытушылары, Алматы облысының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының қалалық, аудандық филиалдарының қызметкерлері қатысты. Семинар барысында "Онлайн бағалау және бағалау платформаларының өзектілігі", "Қашықтықтан оқыту үдерісінде тыңдаушылардың жұмысын бақылау және кері байланыс беру", "Қашықтан оқытуда әлеуметтік медианы қолдану" тақырыптары төңірегінде дәрістер оқылды. Семинар Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы, тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Т. Рахымберлинаның кіріспе сөзімен басталып, педагогика ғылымдарының магистрі, Назарбаев университеті, Қазақ тілі және Түркология кафедрасының оқытушысы К. Көпеш, педагогика ғылымдарының магистрі, Талдықорған қаласының Педагогикалық шеберлік орталығы филиалының тренері М. Сатаев, Алматы облысының "Тіл" оқу-әдістемелік орталығының тілдерді оқыту, талдау, мониторинг бөлімінің оқытушысы А. Есімбекованың дәрістерімен жалғасын тапты.
Семинар барысында қатысушылар қашықтан оқытудың ерекшелігін анықтай отырып, оларды басқарудағы интернет платформаларымен жұмыс жасады. Қашықтан оқытуды ұйымдастыруда интернет платформаларын дұрыс таңдай алу және сол ортада жұмыс жасауда тиімді ұйымдастыра алу, сондай-ақ, тыңдаушылардың білімін онлайн бағалау бойынша біраз мағлұмат алды.