Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен 16 ақпан күні «Ономастика саласы бойынша ізденіс пен тәжірибе» атты облыстық семинар өтті. Семинардың негізгі мақсаты: тарихи сананы қалыптастыру, елді мекендердің тарихи жер-су атауларын қалпына келтіру, түсіндіру жұмыстарын жүргізу, ономастика мәселелерін талқылау және жетілдіру болып табылды.
Осыған орай шараға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті ономастикалық жұмыс басқармасының басшысы Төрехан Елерке Әдепханқызы, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы Қыздархан Рысберген, аудан әкімдерінің орынбасарлары, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің басшылары мен бөлімнің салаға жауапты мамандары, ауыл әкімдері қатысты.
Семинарды Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Ахметов Данияр Дүйсенбіұлы ашып, 2022-2023 жылдардағы Алматы облысындағы ономастика саласы бойынша атқарылған жұмыстарға қысқаша видеоролик көрсетілді. Онда өлкеміздегі 60 әкімшілік аумақтың, 3103 құрамдас бөліктің, 225 елдімекеннің, 8 Мәдениет үйінің атауы тарихи тұлғалардың есімімен аталатыны айтылды. 2 жылда өткізілген жұмыстар бойынша Қонаев қаласы және 9 аудан ономастика саласы бойынша атқарылған жұмыстарға қорытынды есеп жасап, слайдтар көрсетті.
Ономастика саласы бойынша ұйымдастырылған семинарға 200-ге жуық адам қатыстырылды. Семинар Алматы облысы, Қарасай ауданы, Қаскелең қаласы SDU университетінің Life корпусында өткізілді.