
Жас әдебиетшілердің «Жетісу көктемі» форумының екінші күні делегаттар Талдықорған қаласындағы Сүйінбай Аронұлы мен Мұқағали Мақатаев ескерткіштеріне тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды. Мұнан соң «Рухани жаңғыру» орталығында болып, бағдарлама аясында аймақта қандай жұмыстардың атқарылып жатқандығынан көзайым болды.
Форум жұмысы Тіл сарайында әдемі әдеби отырыспен жалғасты. Қалам ұстағандар әдебиеттің бүгіні мен ертеңі туралы тұщымды ойларын ортаға салды. Шығарма жазудан бастап, кітап шығарудағы машақат, кітап оқу мәдениеттілігі туралы да сөз болды.
Әдеби отырысқа Қазақстан Жазушылар Одағы Басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Айдар Башбаев, Қазақстан Жазушылар Одағы Алматы облыстық филиалының директоры Ерлан Жүніс, ақын Ақберен Елгезек, жазушы Бейбіт Сарыбай қатысып, өздерінің өзекжарды ойларымен бөлісті.
«Талдықорған топырағы талай ұлы тұлғаларды өмірге әкелген киелі өлке. Жер жәннаты Жетісу жерінде жас әдебиетшілер форумының өтуі барша қалам ұстаған жандарға жаңа серпін берді десек болғандай. Осындай әдебиетшілер форумының ұйымдастырылуына ұйытқы болған Тіл басқармасына, басшысы Айдар Башбаевқа ерекше алғыс айтқым келеді. Себебі, басқарма тек тіл мәртебесін көтеріп қана қоймай, руханиятқа, соның ішінде әдебиетке де үлесін қосып келетіні көңіл қуантады. Тұңғыш рет өткізіліп отырған «Жетісу көктемі» жас әдебиетшілер форумының келер жылы да жалғасын тауып, ізгі бастамаға айналатынына сенемін», - деді әдеби жиында Жазушылар Одағының Басқарма төрағасы Ұлықбек Оразбайұлы.
Әдеби отырыста ақын Ақберек Елгезек «Бүгінгі қазақ поэзиясы: жаңа ізденістер» деген тақырыпта ой қаузаса, жазушы Бейбіт Сарыбай «Бүгінгі қазақ проазасы: дәстүр мен жаңашылдық» туралы әңгіме өрібтіп, жас әдебиетшілер қойған сауалдарға жауап берді. Қаламгердің қадірі мен әдебиеттің өресі туралы сөз етілген жиында аға буын келешек жастарға сенім артатындығын айтты.