
Бүгін Талғар ауданы, Жаңалық ауылында Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен «Елге қызмет – ортақ міндет» атты облыстық дөңгелек үстел өтті.
Республика күніне орай ұйымдастырылған шараға ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, облыстық Тіл басқармасының, «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының, Талғар ауданы әкімдігінің қызметкерлері, ауылдық округ мамандары, белсенді жастар, ұстаздар, оқушылар мен БАҚ өкілдері қатысты.
Жиынды басқарма басшысы Даулет Шайтұрсын жүргізіп, Қазақстанның жаңа тарихына қайта оралған Ұлттық мерекемен құттықтады.
Шарада тарих ғылымдарының докторы, профессор, академик Ханкелді Әбжанов 1990 жылы қабылданған декларацияның маңыздылығына, оны қабылдау жолында кездескен түрлі қиындықтарға тоқталды. Декларацияны жазған ғалымдардың, соның ішінде мемлекет және қоғам қайраткері, заңгер, ғалым Салық Зимановтың еңбегі өлшеусіз екендігін айтты.
Жазушы, ғалым, тарих ғылымдарының кандидаты Бейбіт Қойшыбаев Жаңа Қазақстан құрудағы мемлекеттік модельді және саяси мәдениетті жаңарту мәселелеріне тоқталып, мемлекеттік қызметшінің қоғамдағы рөлін атап көрсетті. Ф.ғ.д., профессор «Әділет» республикасының қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Ғарифолла Әнес, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры, ф.ғ.к Сансызбай Мәдиев Жаңа Қазақстан – Әділетті Қазақстан идеясын қалыптастырудағы сүбелі ойларын ортаға салды.
Тағылымды шара барысында қатысушылар ойларын ортаға салып, тұщымды пікір білдірді.
Жиын соңын Талғар ауданы Тұздыбастау ауылы әл-Фараби атындағы №31 орта мектебінің ұстаздары Республика күніне арналған ақындардың өлеңімен өрнектеді.
Маңызды мереке қарсаңында өңірдегі тіл саясатын жүзеге асырып, мемлекеттік тілдің мәртебесі мен маңызын арттыруға үлес қосып жүрген бірқатар азаматтар марапатталды.