Алматы облысында «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі филиалының төрағасы сайланды

Алматы облысында «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі филиалының төрағасы сайланды

Бүгін Қонаев қаласында «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі Алматы облыстық филиалының алқа отырысы өтті.

Онда Қоғамның Алматы облыстық филиалын қайта тіркеуден өткізу, филиал төрағасын сайлау, алдағы міндеттерді айқындау, аудандық, қалалық филиалдарды тіркеу жұмыстары қаралды.

– Өздеріңізге белгілі өткен жылы «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалдары құрылып, Түркістан қаласында Қоғамның Құрылтайы ұйымдастырылып, өңірімізде біршама жұмыстар бастау алған болатын. Бүгінгі күні Алматы облысының қайта құрылуына байланысты филиалдардың жұмысын жандандыру қажеттілігі туындап отыр – деді алқалық жиынды жүргізген Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысының м.а Г. Әбіләжімова.

Жиынға Қоғамның Алматы облыстық филиалының алқа мүшелері, БАҚ өкілдері, облыстық басқарма және «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының қызметкерлері қатысты. Қоғамдық бірлестіктің аудандық, қалалық филиал төрағалары онлайн қатысты.

Көпшіліктің дауысы бойынша «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі Алматы облыстық филиалына Төрағалыққа Күлзира Әкімжанова сайланды. Ол ұзақ жылдар бойы мемлекеттік қызмет атқарып, өңіріміздің өркендеуіне үлес қосып жүрген тіл жанашыры. Осы салада адал еңбек еткені үшін облыс әкімінің Алғыс хаттарымен, мерейтойлық медальмен марапатталған.

Жиында «Нұрлы Өлке» газетінің редакторы А. Көптілеу, тіл жанашыры З. Есілбаев, Қонаев қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, ішкі саясат және спорт бөлімінің басшысы Б. Шайкенова тілдік ахуал төңірегінде пікір алмасып, ойларын ортаға салды.

Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтуде Тіл басқармасы, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы, облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы және аудандық, қалалық филиалдары, жергілікті атқарушы органдар Қоғаммен бірлесе, қоян-қолтық жұмыс жасайтын болды.

Халық жаппай баратын орындарға (халыққа қызмет көрсету орындары, ірі сауда орталықтары, мәдени-ойын сауық мекемелері, қоғамдық тамақтану кәсіпорындары, нотариустар және т.б.) ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, әдістемелік көмек көрсету шараларын ұйымдастыру қажеттілігі айтылды.