
Туған халқын төрткүл дүниеге мәшһүр еткен ұлы суреткер, дарынды ғалым, заңғар жазушы, әдебиеттанушы, абайтану ғылымының негізін қалаушы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің туғанына биыл 125 жыл толып отыр.
Дүниеге қазақ перзенті болып келіп, адамзат перзенті болып аттанған М.Әуезов тағдыры – талай ақиқатқа қапысыз көз жеткізетін тағылым мектебі. Заманмен бірге тебіреніп, мәңгілікпен үндесе білудің айқын өнегесі.
Бүгін Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен Қарасай ауданы Шамалған ауылдық округінің Мәдениет үйінде «Заңғар жазушы әлемі» атты облыстық конференция өтті. Онда жазушының өмірі мен шығармашылығын кеңінен айтылды.
Шараға облыстық тіл басқармасының, «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының және Қарасай аудандық филиалының, Қарасай ауданы Білім бөлімінің қызметкерлері, С.Демирель университетінің, Қарасай аудандық орта мектебінің ұстаздары, оқушылары, БАҚ өкілдері қатысты.
Конференцияның алғашқы бөлімінде ардагер ұстаз, білім беру ісінің үздігі, Журналистер Одағының мүшесі Ақлима Көсемова сөз сөйледі. Ф. ғ.к, С. Демирель университетінің қауымдастырылған профессоры Баян Керімбекова, «Әлем таныған Әуезов», М. Әуезов атындағы орта мектептің ұстазы Гүлшат Срымбаева «Мұхтар Әуезов – қайталанбас дара тұлға», М.Әуезов атындағы орта мектептің ұстазы Шынар Усманова «Мұхтар Әуезовтың алғашқы әңгімелері» тақырыбында баяндама жасады.
Шараның екінші бөлімінде Қарасай ауданы білім бөлімінің М. Әуезов атындағы орта мектебінің оқушылары М. Әуезовтың «Жетім», «Көксерек» әңгімелерінен үзінді оқып, «Еңлік-Кебек» драмасынан көрініс көрсетті.
Оқушылар заңғар жазушыға арнаған ақындардың жүрек жарды жырларын нақышына келтіре, тебіреніспен оқыды.
Шара соңында бірқатар азаматтар басқарманың Алғыс хатымен марапаталды.