Алматы облысы әкімінің «Ақ қауырсын» жүлдесі табысталды

Алматы облысы әкімінің «Ақ қауырсын» жүлдесі табысталды
Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы Жазушылар одағы Алматы облыстық филиалымен, «Janr» Жетісу әдеби клубымен және Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігі Алматы облыстық филиалымен бірлесе Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы және Алматы облысының 90 жылдығы аясында Алматы облысы әкімінің «Ақ қауырсын» жүлдесі үшін «Тіл – ғұмыр» атты байқау жариялаған болатын.
Байқаудың мақсаты ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының еңбектері мен шығармашылығын, Алматы облысының 90 жылдығын кеңінен насихаттау, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін қазіргі әдебиетті дамыту және оған қолдау көрсету.
Мемлекеттік тіл саясатын үйлестіруде жастардың белсенділігін арттыру, жас қаламгерлерді танымал ету.
Байқаудың поэзия бәйгесіне Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орай «Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін» тақырыбына өлең арнау ұсынылса, проза бәйгесі Алматы облысының 90 жылдығына арналды.
Байқауға 18-35 жас аралығындағы қаламгерлер, ақындар, журналистер аудандық, қалалық іріктеу кезеңінен өткен байқаудың жеңімпаздары өз шығармаларын жолдады.
«Байқау биыл бесінші мәрте қалам ұстаған жастардың шабытын ашып, ары қарай шығармашылығын шыңдауына оң серпін беріп отыр. Алматы облысында ақын-жазушыларға, жас қаламгерлерге деген қамқорлық ерекше. Соның бірі осы - "Ақ қауырсын" әдеби сыйлығы. Бұл байқау Жетісу өлкесіндегі әдебиетшіл қауымның асыға күтетін мерейлі салтанатына, рухани-әдеби танымдық шаралардың біріне айналып отыр» – деді шарада сөз алған басқарма басшысы Рахмет Есдәулетов.
Қазылар алқасының шешімі бойынша поэзия жанры бойынша I орын Алматы облысы «Жетісу» радиосының редакторы Аршын Айдынбекұлы иеленді.
II орын Алматы облыстық «Жетісу» газетінің тілшісі Мәулен Әнербайға бұйырды. Сарқандық Самал Шенгельбаева III орынның тұғырынан көрінді.
Алакөл ауданының Қоңыр орта мектептің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Мақсат Деңгелбай мен І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің 2 курс білімгері Әділ Құттыбаев поэзия жанры бойынша ынталандыру сыйлығына ие болды.
Проза бойынша I орынды Гүлден Жылкелдиева қанжығалады. Ал байқаудың II орын жүлдесін Айгерім Иебекова еншілесе, III орын Олжас Наурызбаевқа тиесілі деп танылды.
Байқаудың І орын иегерлеріне «Ақ қауырсын» атты Алматы облысы әкімінің арнайы жүлдесі табысталды.
Сондай-ақ, салтанатты шарада ұлттық құндылық, салт-дәстүрімізді дәріптеу мақсатында әлеуметтік желіде өткен шығармашылық «Наурыз шашу» байқауының жеңімпаздары марапатталды.