Ұлт ұстазы, көрнекті қоғам қайраткері, қазақ ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосқан Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтуде.
Бүгін Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен Алаш ардақтысының 150 жылдық мерейтой құрметіне орай Тіл сарайы ғимаратының ауласында Ахмет Байтұрсынұлына арналған аллеяның ашылу салтанаты өтті.
Жиын Тіл сарайы ғимаратының алаңына шырша ағашын отырғызудан басталып, «Ұлттың ұлы ұстазы» атты дөңгелек үстелмен жалғасты.
І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті атынан М. Иманғазинов, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының аға ғылыми қызметкері Р. Оразов, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты директорының орынбасары Е. Маралбек «Ұлт ұстазының есімі мәңгі жасасын» - деп ырымдап мәңгілік жасыл ағаш – шырша отырғызды.
Шараға жиналған қонақтар Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай өткен «Тіл және Тәуелсіздік» атты сурет көрмесімен танысты.
«Ахметті тану – қазақты тану, Ахметті ұлықтау қазақ тіл біліміне деген зор құрмет.
Елімізде Ұлт ұстазының құрметіне қойылған бірнеше ескерткіштер, Ахмет Байтұрсынұлының атымен аталатын мұражай, саябақтар, көшелер, мектептер бар.
Алматы облысында 46 көше, 4 мектеп Ахмет Байтұрсыновтың есімімен аталады – деді дөңгелек үстелді жүргізген басқарма басшысы Р. Есдәулетов.
Жиында А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты директорының орынбасары, PhD докторы Е. Маралбек, I. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің ф.ғ.д., профессоры М. Иманғазинов ұлт ұстазының өмір жолы, ғылыми мұралары жайында баяндама жасады.
Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының аға ғылыми қызметкері Р. Оразов LED экран арқылы Ахмет Байтұрсынұлының мұрағатта сақталған құнды құжаттары мен суреттерін көрсетті.
Шараға зиялы қауым өкілдері, музей, кітапхана қызметкерлері, колледж, мектеп мұғалімдері, Тіл басқармасының және «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының қызметкерлері, БАҚ өкілдері қатысты.