«Батагөй» облыстық байқауының жеңімпаздары марапатталды

«Батагөй» облыстық байқауының жеңімпаздары марапатталды
Қазақ сөз асылын «Аталы сөз – баталы сөз» деп жоғары бағалаған, бір ауыз сөзбен ердің құнын кешірген, СӨЗДІ айта да, тыңдай да, оған тоқтай да білген халық.
Өйткені сөз – ең қуатты құрал. Сөз – асыл қазына.
«Қайыптан тапқан алтыннан, ақсақал берген бата артық» деген мақал бар. Ақ батаның қоғамдағы рөлін қайта асқақтату ұлттық парызымыз.
Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы ұлттық салт-дәстүр мен батаның тәрбиелік мәнін насихаттау мақсатында облыстық «Батагөй» байқауын жариялаған болатын.
Бүгін Тіл сарайында байқаудың бірінші кезеңі бойынша әр аудан, қаладан іріктеуден сүрінбей өткен батагөйлер ақтық сынға түсті.
Үміткерлер дөңгелек үстел басында байқаудың жүргізілу ретімен, қазылар алқасының құрамымен танысты.
Асықпен жеребе тарту әдісі бойынша қатысушылардың сахнаға шығу реті анықталды.
Қазақстанның Құрметті журналисі, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Жұмахмет Жайлаубаев төрағалық еткен қазылар алқасына кіл жүріктен кім жүрік екенін анықтау оңайға соққан жоқ.
Алматы облысының Құрметті азаматы, өлкетанушы, «Үш бәйтерек» қоғамдық қорының жетекшісі Наурыз Қылышбаев, Алматы облысының Құрметті азаматы, Алматы облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт, облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Алматы облыстық филиалының төрағасы, ақын Жұматай Әміре және имам Аманжол Нұрғожаұлы Шаймұратов байқауға әділ қазылық етті.
Үздіктерді анықтау кезінде қатысушылардың ұлттық киім үлгісіне, сахна мәдениетіне, батаның мазмұнына, сөз шеберлігіне, дауыс мақамына ерекше назар аударылды.
Аудан мен қаланың намысын қорғауға келген батагөй қариялар жастары жетпісті алқымдап, сексеннің сеңгіріне шықса да үлкен жауапкершілікті сезініп, түнімен көз шырымын алмай дайындалғандарын айтады.
«Тіземнен сүріндірсең де, тілімнен сүріндірме», - деп тілеген олар намыстарын қолдан бермеу үшін барын салды. Нәтижесінде байқаудың І орнын Сарқан ауданынан келген 82 жастағы Сүлейменов Қожамсейіт қария қанжығалады.
ІІ орынды талдықорғандық Исмаилов Құрмаш пен Қапшағай қаласынан келген Берік Баилов еншіледі.
Райымбек ауданынан келген ең жас батагөй Серік Абдраймов, Текелі қаласының намысын қорғаған саятшы Файзулла Бүркітбай, ілелік зейнеткер Мақсат Сейдалиев ІІІ орынның тұғырынан көрінді.
Сайысқа қатысқан барлық дуалы ауыз қариялар ынталандыру сыйлығына лайық деп танылды.
«Бата беру – адал ниет пен жақсы тілекті білдіретін ұлттық дәстүр. Тарихымызға үңілсек, батаны көпті көрген көнекөз қария, аузы дуалы ақсақал, танымал тұлға, ел ардақтаған аталар берген.
Мысалға, әйгілі Сырым батыр Бөкей биден, Төле би Әнет бабадан, Жыр алыбы Жамбыл ұстазы Сүйінбайдан бата алғанын жақсы білеміз.
Сөзі өтімді, аузы дуалы батагөй қарияларымыз көп болсын» – деді басқарма басшысы Р. Есдәулетов.
Сүйінбай атындағы облыстық филармонияның дәстүрлі әншілері байқауды әнмен әрлей түсті.