Бүгін Тіл сарайында Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы мен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Алматы облыстық филиалымен бірлесе ұйымдастырылған «Мемлекеттік тіл: бүгін, ертең» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Дөңгелек үстелді басқарма басшысы Р. Есдәулетов жүргізді.
Жиында А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры А. Фазылжанова «Мемлекеттік тіл: бүгін, ертең», Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры З. Қабылдинов «Тарих пен тіл тамырлас» тақырыбында баяндама жасады.
Сондай-ақ, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының ғылыми жұмыстар бойынша орынбасары, т.ғ.к., Ш. Тілеубаев, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының «Тіл тарихы және түркология» бөлімінің меңгерушісі, ф.ғ.к., Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия жанындағы Әдістемелік жұмыс тобының мүшесі А. Сейтбекова, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Алматы облыстық филиалының төрағасы Ж. Әміреев жарыссөзге шықты.
Ә. Ысқабай, Б. Бисұлтанов сынды ардагер журналистер, тіл жанашырлары, зиялы қауым өкілдері қазақ тілінің бүгіні мен ертеңі жайында тұщымды ой-пікірлерін ортаға салды.
Жиын соңында Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты және Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсімі өтті.
Дөңгелек үстелге жиналғандар Тіл сарайынан орын тепкен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Алматы облыстық филиалына арналған кабинетімен танысты.