Бүгін Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Р. Есдәулетов аудандық, қалалық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі басшылары, тіл саласына жауапты мамандар, облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы филиалдары қызметкерлерінің қатысуымен жиын өткізді.
Онлайн режимінде өткен жиында тілдік, ономастикалық ахуал, сыртқы жарнама көрнекі ақпарат, «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының жұмысы, сондай-ақ, А.Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы сияқты бірқатар мәселелер қаралды.
«Биыл бәріміз үшін ерекше жыл. Себебі, қазақтың рухани көсемі, ұлт ұстазы, қазақ тіл білімінің атасы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл. Бұл ЮНЕСКО көлемінде аталып өтілетін мерейлі датаға облыстық тіл басқармасы да бейжай қарамауы тиіс. Аудан, қалаларда Ахмет Байтұрсынұлына арналған билбордтар орнатсақ артықтық етпейді» - деді басқарма басшысы.
Сондай-ақ басшы заңнамалық актілерге ден қою, көрнекі ақпараттардың санын нақтылау, мемлекеттік тілдің мәртебесіне қатысты көрнекіліктерді ілу, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасымен меморандум орнату, мемлекеттік мекемелердің құжат тілін қадағалау, облыс тұрғындарына үндеу жасау сияқты бірқатар тапсырмалар беріп, аудандық, қалалық бөлімдерді бірігіп жұмыс жасауға шақырды.
Жиын соңында аудан, қалалардағы бөлім басшылары, мамандар жаңа басшының қызметіне сәттілік тілеп, жұмыстарына жұмыла, бел шеше кірісетіндіктерін жеткізді.