Биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейлі мерекесімен қатар жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың дүниеге келгеніне 175 жыл.
Осыған орай Тіл сарайында Ж. Жабаевтың 175 жылдық мерейтойына арналған
«Жыр жазамын жүрегімнен» атты поэтикалық кеш өтті.
Салтанатты кешті «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының директоры Ж. Жолдыбаев жүргізді.
Кеш Бейбіт Мұсаевтың орындауындағы Жамбылдың «Ақындарға арнау» термесімен шымылдығын түрді.
«Жамбыл туралы сөз – қазақ сөзінің қасиеті туралы сөз. Оның ақындығының танымдық-тағы¬лымдық жоғарғы мәні сол – ол бүгін де бізбен бірге. Ол біз үшін өнерге, жалпы ұлтқа талмай қызмет етудің мәңгі жасайтын үлгісі болып қала береді – деді жиын барысында сөз алған басқарма басшысы Б. Керімбек.
Кешке Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Т. Ғұмаров, Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының директоры Д. Құрамысов, «Қоғамдық келісім» КММ директоры Ж. Бұлғақов, жазушы Е. Айдабосын, Алматы облыстық филармониясы әншілері, БАҚ өкілдері, мектеп оқушылары қатысты.
Кеште ақын жайлы деректі фильм көрсетіліп, тағылымы мол әңгімелер мен естеліктер айтылды.
Әншілер әннен шашу шашып, оқушылар Жамбыл Жабаевтың «Ленинградтық өренім» сияқты рухты өлеңдерін нақышына келтіре оқыды.
Кешке жиналғандар Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалдық мұражайын тікелей байланыс арқылы тамашалады.