«Жетісу - кітапқұмарлар өлкесі» байқауының жеңімпаздары марапатталды

«Жетісу - кітапқұмарлар өлкесі» байқауының жеңімпаздары марапатталды

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай
Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен өткен дәстүрлі «Жетісу - кітапқұмарлар өлкесі» байқауы өз мәресіне жетті.

Онлайн режимде өткен байқау жеңімпаздары бүгін Тіл сарайында марапатталды.

Салтанатты шарада басқарма басшысы Б. Керімбек:
«Адам жан дүниесінің рухани қазынасы, ортаймас байлықтың өлшемі — кітап. Осы кітапқұмарлар байқауының екі кезеңінен де сүрінбей өтіп, бүгінгі марапаттау рәсіміне қатысып отырған баршаңызды шын жүректен құттықтап, алғысымды білдіремін!
Бойларыңыздағы рухани байлықтарыңыз ешқашан сарқылмасын! – деген тілегін жеткізді.

Үшінші мәрте ұйымдастырылып отырған «Жетісу – кітапқұмарлар өлкесі» байқауының бірқатар ерекшеліктері болды. Яғни, қатысушылар саны өткен жылмен салыстырғанда 100 адамға көбейіп, орыс тілді оқырмандар саны артқан.
Тест арнайы бағдарламада жасалып, кітап сүйер оқырмандарды анықтауға мүмкіндік туған.

Жасына шектеу қойылмаған кітапқұмарлар сайысына 401 адам тіркелді.
Оның ішінде ересектер тобы бойынша қазақ тілінде тіркелгендер саны - 296, орыс тілінде тіркелгендер 32,
студенттер арасында қазақ тілінде тіркелгендер - 58 адам болса, орыс тілінде тіркелгендер саны -15 болды.
Оның ішінде: 71 ер адам, 330-ы әйелдер.

Ең жас қатысушылар 15 жастағы (политехникалық колледж студенттері: Нұрғайдар Жансая, Құлжабай Елдар, Кенжехан Дарын, Тойболды Елдос), ал ең жасы үлкен қатысушылар Талдықорған қалсынан А. Ахатаев (70 жаста) және Ш. Әбділдаева (77 жаста).

Екі кезең бойынша сыннан сүрінбей өткен кітапқұмарлар М. Үйсімбай, С. Маулетбекова, А. Асқарбек І орынды қанжығалады.
Ш. Қасенова, М. Ерболатова, Б. Серікбол, М. Әбішева, А. Шаяхмет, А. Асқар ІІ орынға лайық деп танылды.
М. Ахметова, Е. Синченко, С. Узакбаева, А. Байдархан, А. Оразбаев, А
Әбдіманап, А. Кабдулдина, М. Хайрулмажитов, Ж
Рахымбай, Б. Амантай, Е. Жанболатқызы ІІІ орынға ие болды. Сондай-ақ, ынталандыру сыйлығына ие болған 35 қатысушыға Алғыс хатпен ақшалай сыйлық берілді.

«Артық білім кітапта, ерінбе оқып көруге», - деп ұлы Абай жырлағандай кітап оқу мәдениетін қалыптастыруды мақсат тұтқан байқау жеңімпаздары Тіл басқармасына зор алғыстары мен ризашылықтарын жеткізді.