Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының басым бағыттарының бірі – ономастикалық мәселелерді ретке келтіру.
Бүгін Тіл сарайында «Өңірлік ономастика мәселелері» атты республикалық семинар өтті.
Семинарды Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Ақан Абдуалиев жүргізді.
Жиында Шымкент қаласының Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Ханзада Есенова, Алматы қаласының Тілдерді дамыту және латын графикасына көшу орталығының бас инспекторы Қалабай Өтепберген, Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Болат Керімбек, Жамбыл облысының тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Ләззат Есімова, Түркістан облысының Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Әділ Қонысбеков, Қызылорда облысының Ішкі саясат басқармасының басшысы Мира Қазбекова баяндама жасады.
Семинарда Қазақстан Республикасындағы ономастикалық жұмыстарды ұйымдастыратын әдістемелік ұсынымдар, Идеологиялық тұрғыдан ескірген атаулары бар елді мекендер мен олардың құрамдас бөліктерін қайта атау жөніндегі 2022-2025 жылдарға арналған Жол картасын және толықтырылған «Тарихи тұлғалар» тізімі қаралды.
Шараға аудан әкімдерінің орынбасарлары мен мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің басшылары қатысты.
Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстары және Алматы, Шымкент қалалары әкімдіктерінің ономастика саласын басқаратын басқарма басшылары қоғамның толғақты мәселелерінің бірі – ономастика мәселесі бойынша өзара пікір алмасты.